- БАЛДЫРҒАН
- 01 Тамыз, 2025
Бата
Асхат ӨМІРБАЕВ
Жайдары жаз. Көңілді каникул. Балалар аулада асыр салып ойнап жүр.
Бір кезде қақпа ашылып, арғы көшеде түратын Ернар мен Дастан кірді. Олар мұнда достары Мирастың бүгінгі туған күнін тойлауға келген еді. Дастан – бесінші, ал Ернар екінші сыныпта оқитын.
Олар қолдарына әдемі заттар ұстап алыпты. Келген бойда достарының анасына күлімсірей амандасты.
– Сәлеметсіз бе, апай! Мынау – сізге! – деді үлкендеу Дастан қолындағы гүлін ұсынып.
– Ой, айналайындар! Рақмет! Көп жасаңдар! – деді Айжан апай кішкентай балалардың сыйлығына қатты қуанып. – Өркендерің өссін!
Балалар жиналып болған соң, есік алдына жайылған дастарқан басына жайғасты. Үстел үсті неше түрлі тәттілер мен жемістерге лық толыпты. Көздің жауын алады.
Кешікпей Ернар орнынан атып тұрды.
– Мен бүгін туған күні болған Мирасқа бата берейін! Содан кейін ішіп-жеуді бастасаңдар болады! – деді кішкентай алақанын жайып.
Отырғандар таң қала қарап, қолдарын қосыла жайды.
«Батам, батам, батпасын,
Батам жерде жатпасын.
Дастарқаның мол болсын,
Уайымың жоқ болсын!
Онға толған Мирастың
Табыстары көп болсын! Әумин!» деді Ернар іле бетін сипап.
Басқалар да «Әумин» деп беттерін сипады. Жақын жерде отырған үлкен кісілер кішкентай Ернарға қызыға қарады.
– Атасы үйреткен ғой. Біз де балаларға үйретіп қойсақ болады екен, – деді біреулері ойланып.
– Иә. Бала түгілі, өзіміз де жөнді бата білмейміз. Мынау бір дұрыс іс екен, – деді тағы біреулер.
– Әке-шешесі мұғалім ғой. Салт-дәстүрді жақсы біледі.
Балалар тәтті торт жеп, сусын ішуді бастап кеткен. Сәлден кейін бір бала:
– Ернар, саған батаны кім үйретті? – деді оған қызыға қарап.
– Оған батаны балабақшада апай үйреткен, – деді Дастан інісінің орнына жауап беріп.
– Балабақшада?!
– Балабақшада бата үйрете ме? – деді басқа балалар да таңданып.
– Иә. Үйретеді, – деді Ернар. – Түр-түрін жаттатады.
Туған күн өте көңілді өтті. Кішкентай балалардың мәз-мейрам болып тойлап, асыр салғаны өте қызық еді.
Үлкендер болса телефондарын алып, үңіле шұқылап, ішінен бата іздеп жатты. Бұл дастарқан жиярға дайындық еді.
6053 рет
көрсетілді0
пікір