• БАЛДЫРҒАН
  • 01 Тамыз, 2025

Ғажайып әлемге саяхат

Нұрлан ҚҰМАР

(Ертегі)

Айдын аспан әлеміне құштар. Күнде телміріп, көк жүзіне қарайды да тұрады.
Ол бүгін де жұлдыздарға көз тастады. Аздан соң қасына досы Еркінбек келді. 
– Уау, аспан қызыл моншақ шашып тастаған секілді ғой. 
– Иә, сондай әдемі. Жымың-жымың етіп, жалтырауын көр! 
– Осы сен түнде аспанға қарайсың. Ғарыш туралы әңгімелер айтасың. Неге?
– Түнгі аспанға телміріп қашанғы тұрасыңдар? – Сыныптасы Амангелді кеп қосылды қатарларына. 
Осы сәтте жалт-жұлт еткен табақша кеп қонды жандарына. Айналаны түрлі түске бояған ерекше көліктің есігі ашылды іле. Сөйтіп, көзді ашып-жұмғанша балалар басқа бір әлемге енді де кетті. Сылдырап аққан бұлақ үні, құстар әуені жетті құлақтарына. 
– Мәссаған! Біз қайда кеттік? 
– Ата-анамыз қайда?
– Ауылымыз көрінбей қалды ғой?! 
Балалар дабырласып бір-біріне сұрақ жаудырды. Ұзамай: «Біздің ғажайып әлемге қош келдіңдер!» деген дауыс естілді. Үш бала қараса, бойлары үш метр келетін бірнеше мақлұқ өздеріне жақындап келеді екен. Үрейленген ұлдар не дерін білмей, сілейіп тұрып қалды. 
– Қорықпаңдар! Біз сендерге тиіспейміз. Бұл – біздің ғаламшарымыз, – деді ғаламшар тұрғындары. 
– Мына белгісіз жаратылыс қазақ тілінде сөйлеп тұр ғой? – деді Еркінбек досының құлағына сыбырлап.
– Керемет. Біздің тілімізде сөйлегені жақсы болды, – деді Айдын өзге ғаламшарлықтарға жасқана көз тастап. Сол сәт төбелерінде жұлдыздар самсап тұрғанын, алайда олардың түсі – көк, сары, қызғылт, ал аспанның қою жасыл екенін аңғарды. 
– Сендер басқа ғаламшарға тап болдыңдар, – деді маңдайында бірнеше көзі бар жергілікті тұрғын. 
– Сонда бұл қай ғаламшар?
– Айдынжан, біз сенің аспан әлеміне қызығатыныңды білеміз. 
– Атымды қайдан білесіз?!
– Біз бәрінен хабардармыз. Қасыңда тұрған екі досыңды да, мекендеп жатқан ғаламшарыңды да жақсы білеміз. 
– Ендеше біздің ғаламшар туралы айтыңдаршы? – деп Амангелді сұрақты тосынан қойды. 
– Бізде өркениет, технология сендерге қарағанда жақсы дамыған. Жер ғаламшарының көп бөлігін су алып жатқандықтан, ол әрдайым көкшіл реңге боялып тұрады.
– Мәссаған! Расымен, көп нәрседен хабардар екенсіздер. Онда неге біздің ғаламшарға келіп, адамдармен байланыс орнатпайсыздар? 
Жат ғаламшарлықтардың киімдерінің түсі тез өзгеріп тұрады екен.
– Біз Жер тұрғындарымен әзірше байланыс орнатпаймыз. Себебі оған уақыт керек. Жасайтын басқа жұмыстарымыз бар. 
– Сонда бұл ғаламшар қалай аталады, орны қайда? 
– Айдын, сұрағың орынды. Біз Ұлы Жұлдыз жүйесіне орналасқанбыз. Тұрағымыз – «Ғажайып әлем» деп аталады. Ендеше не тұрыс, айналаны жақсылап тамашалаңдар! 
Үш бала ғажайып әлемді шарлай жөнелді. Таулы мекенде түрлі өсімдіктер, ағаштар бой созыпты. 
–О-х-о, мынандай сап-сары тауды бұрын көрмеппіз, – деді балалар таңданып.
Олар ағаштағы жемістерді үзіп жеп көрді. Балғындардың бойын әп-сәтте көңілділік биледі. Үш аяқты аңдар, мүйізді жан-жануарлар өрден түсіп келе жатыр. Биікте алып балық ұшып жүр. Аузын арандай ашып, есінеп қояды. 
– Бұл китке ұқсайды екен. Не жұтып жатыр өзі? – деп Амангелді тас алып, лақтырғысы келіп еді, оған қараған алып балық: 
– Мен әуедегі шаң-тозаңдармен қоректенемін. Сендер қонақсыңдар. Қаласаңдар, арқама мініңдер. Қыдыртайын. 
Үш ұл дәу балықтың жотасына отырғанда, ол жоғары көтерілді. 
– Ойбай, құлап кетпейік, – деп достар бір-бірінің қолынан ұстай алды. 
– Әне, қараңдар! – деді Еркінбек саусағын шошайтып. Қараса, тау үстінде екі басты, төрт қолды, бойлары кішкентай тірі құбыжықтар толып жүр екен. 
– Кескін-келбеті ерекше болғанымен, олар да өздерің сияқты ойын баласы, – деді дәу балық. 
Осыдан кейін үш бала жастары өздерімен шамалас жат ғаламшарлықтармен танысып, бірге ойнады. Құбыжық бейнелі балалар қазақша сөйлеп жүр.
– Ата-аналарың қатты алаңдап жатыр. Үйлеріңе қайтуларың керек, – деді алып балық оларды қайта арқасына мінгізіп. 
Көзді ашып-жұмғанша үш бала әлдебір қорапқа енді де, өздері көкке ұшқан жерге кеп түсе қалды. 
– Түн ортасында қайда жоғалып кеттің? – деді Айдынның анасы абыржып. 
Ұлдар дереу үйлеріне қайтты. Көрген ғажайыптарын әке-шешелеріне айлап айтып тауыса алмайтын сыңайлы. Әсіресе, жат ғаламшарлықтардың қазақша сөйлегені оларға айырықша әсер еткен еді. 
 

1821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы