- БАЛДЫРҒАН
- 01 Тамыз, 2025
Белгілі ақын Бақыткерей ЫСҚАҚТЫҢ туғанына 80 жыл
Бақыткерей Ысқақ аталарың 1945 жылы 9 мамырда Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты Қайыңды ауылында өмірге келген.
Орта мектепті бітірген соң, біраз жыл ауылда шопыр болып еңбек етеді. Кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдап, Қазақстан Жазушылар Одағында, «Жалын» баспасының балалар әдебиеті редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор болып қызмет істеді.
Алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» атты жинаққа енген.
Татар ақыны М.Хұсайыновтың «Сүйемін сені», монғол ақыны Ж.Дашдондогтың «Күншуақ» атты жыр жинақтарын аударған.
«Ғашық жүрек». «Тәкаппар таулар», «Шыршалы шың», «Бұлттар таудан тарайды», «Бұлттағы бұлақ», «Бес тас», «Жүрегім жұлдыздар ұясы, «Тәңір құсым», «Күн – ілгері» сияқты кітаптары жарық көрген.
«Балдырған» журналының тұрақты авторларының бірі болған ақын аталарының туғанына 80 жыл толуына орай, өздеріңе арнап жазған бірнеше өлеңін назарларыңа ұсынамыз.
ШАҒАЛА
Тербелген теңіз өрінде,
Толқынға төсін сүйдіріп.
Жарқылдап ұшар көгінде,
Күмістей қанат су іліп.
Мекені – жартас жағасы,
Дауылды сүйген өр төсі.
Көк теңіз бейне анасы,
Шағала – жалғыз еркесі.
БҰЛАҚТАР
Таудан аққан бұлақтар,
Күмбір-күмбір күй ақтар.
Жағалауда билесін
Құлын құйрық құрақтар.
Қандай сұлу жарқылың,
Қандай қатты қарқының.
Шаршап келсем, күш беріп,
Шөл басады салқының.
Өссін жайнап гүл-бақтар,
Өссін жасыл құрақтар.
Кең даланы бетке алып,
Шапқылай бер, бұлақтар.
ТАУДАҒЫ ЖАЙЛАУ
Аққудай ауыл тізіліп,
Қонғанда жасыл жайлауға,
Көмейден үні үзіліп,
Шығады құстар сайрауға.
Сыңғырлап күміс шашбауы,
Құшағын ашып жүгіріп,
Келеді таудың бастауы
Табанын тасқа тілдіріп.
Жүреді көкте қыраны,
Аралап тау-тас, шатқалды.
Тербетіп самал тұрады
Баурайы жасыл бақтарды.
КӨРСЕТІП ТҰР
Бөкпен толы саптыаяқ
Босаған-ау, шамасы.
Көрсетіп тұр айтпай-ақ,
Жеңі менен жағасы.
4399 рет
көрсетілді0
пікір