• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2025

Құс қанаты

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ

(Әңгіме)

Қыс кетіп, көктем келген кез. Жер дегдіп, жайлап кебе бастаған. Біздің ауыл ұйқысынан оянғандай, айналасында қыбыр-жыбыр көбейіп, бірден тіршілікке кірісті.
Сол күндердің бірі, түс ауған мезгіл еді. Ауа райы кенет бұзылды да, аспанды қара бұлт торлады. Кешікпей үскірік желмен ұшып, жаңбырмен араласып қар қылаулады.
Атам қора жақта мал жайғап жүрген болатын. Арада көрші Қыдыр ақсақалмен сөйлескен сөздерінен құлағым шалды, бұл жылда қайталанатын тұрақты құбылыс екен.
– Жылы жақтан қайтқан құс қанатының лебі ғой – бұл! – деді атам жұмысын істеп жатып жайбарақат. – Бұрынғылардың айтуынша, туып өскен жерін сағынған байқұстар мекеніне жеткенше асығып, екпіндетіп ұшады екен. Сонда қияғының ұшынан сызды жел тұрса керек.
– Иә, дұрыс айтасыз, бұл – құс қанаты. Дегенмен, биыл ертерек келді-ау деймін. Қаншаға барар дейсіз, жауған қар екі-үш күнге қалмай еріп кетеді. Ары қарай күн жылынады, көктеме дегеніңіз – сол, – деді Қыдыр ақсақал да атамды қоштап, ескі әңгімеден хабардар екенін аңғартып. 
Біраз әңгімелескен соң ақсақалдар бұрылып, үйлеріне беттеді.
– Жақсы. Амандық болсын!
– Аман болыңыз!
Ішке кіріп, жайланып отырған соң мен жаңағы әңгімені қайта қозғап, атамнан «құс қанаты» туралы сұрадым.
– Е-е, балам, табиғатпен қолтықтасып бірге жасаған ата-бабамыз оның сырларын жақсы білген ғой. Бүгінгі ауа райының тосын өзгерісін «құс қанаты» деп атапты. Мал-жанның жайы үшін, жылда болатын тұрақты құбылыстарды мұқият бақылаған ғой. Соның арқасында, дәл басып таныған. Және мінезіне қарай лайықты атау берген. Бәлкім, бұл соңғы қар болатын шығар, тағы өзінің жыл құстарының қайтатын кезіне тура келгенін көрмейсің бе? Сол себепті, «Құс қанаты» деп атаған болу керек. Осыдан былай күн жылынып, көк көтеріліп, жер-дүние құлпырып сала береді. Ұшқан құс, жүгірген аң үйреншікті тіршілігіне кіріседі. 
Біздің жақтың қысы қатты болғандықтан, қар ұзақ жатады. Ызғары да тез қайта қоймайды. «Қардың басын қар алады» дегендей, осы кезде, яғни, наурыздың соңына ала, не сәуірдің басында күн аяқасты бұзылып, қар жауады. Тек содан кейін ғана күн жылып, топырақ қыза бастайды. 
Құс қанаты – амал. Өз ерекшелігі, тұрақты мезгілі бар ауа райы құбылысы. Жыл құстары содан былай рет-ретімен оралады. Қараторғай ерте келсе, қарлығаш жазға салым жетеді. Жаңа айтқанымдай, осы мерзімге тұспа-тұс келгендіктен, солай аталған болуы мүмкін. Маңыздысы, жер дегдіп, іле-шала сақман басталады, – деп аяқтады атам әңгімесін.
Мен «сақман деген не?» деп сұрайын дедім де, ас дайын боп, дастарқан жайылғандықтан, сұрағымды кейінге қалдырдым. 

Талдықорған қаласы

4917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы