- БАЛДЫРҒАН
- 31 Наурыз, 2025
Аса көрнекті ақын, Халық жазушысы Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВТІҢ туғанына 90 жыл

Тұманбай аталарың 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Казатком деген ауылда өмірге келген. Бала кезден-ақ арманшыл, алғыр, ізденімпаз болады. Сабағын жақсы оқып, сыныптан сыныпқа сынақсыз аттайды. Мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Сол кезден бастап өлеңдері бірінен соң бірі газет-журналдарда жариялана бастайды. Көп ұзамай, есімі елдің назарына ілігіп, бірте-бірте өзінің тамаша жырлары арқылы халықтың сүйікті ақынына айналады.
Тұманбай аталарың алпыс бестен астам жыр жинағын шығарды. Басқа тілдерде жарық көрген кітаптары да баршылық. Өзі де қазақ тіліне біршама тамаша өлеңдер мен прозалық шығармалар аударды. 500-ден астам өлеңіне керемет әндер жазылды.
25 жыл бойы «Балдырған» журналында бас редактор болып қызмет істеген Тұманбай аталарың балаларға да арнап көптеген өлеңдер жазды. Ол кісі «Балдырған» журналын да, балаларды да өте жақсы көретін. Өзі елгезек, мінезі жұмсақ, жұмысына өте ұқыпты жан еді.
Тұманбай аталарың әдебиетімізге, өнерімізге көп еңбек сіңірді. Артына өлшеусіз мол мұра қалдырды. Ұлы ақын қалдырған мол мұра мен оның ардақты есімі қазақ халқымен бірге мәңгілік жасайтын болады.
ОТАН
Анам ғой ол өзімнің –
Ақыл, жігер, қуатым,
Алдында ылғи көзімнің
Күлім қағып тұратын.
Әкем ғой ол, салмақпен
Маған сынап қарайтын.
Адам ғой ол ардақты,
Айтқанының бәрі айқын.
Ұлы Отаным – маған Күн,
Мен басқаны ұқпаймын.
Әкем менен анамның
Айтқанынан шықпаймын.
БІЗДІҢ ТУ
Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.
Көк аспанда – қызыл күн,
Көк аспанда – жас қыран.
Естілгендей біздің үн
Сол ғарыштың астынан.
Жанатындай өзі отша,
Жалын шарпып бетіңді.
Туымыз да қазақша
Сөйлеп тұрған секілді.
Туымызға тамаша
Бір қарамай өтпейміз.
Сол көк тудың астында
Көгереміз, көктейміз!
ЕЛТАҢБА
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында – қазақ үй.
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.
Бұл – таңбасы елімнің,
Елдігімнің белгісі.
Мұнда да бар ерлігім,
Мұнда да бар жер күші.
Қара шаңырақ ел күні
Асқақтатып тұр мұны.
Елтаңбасы – елдігім,
Елдің тыныш тірлігі.

4983 рет
көрсетілді0
пікір