• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2025

Жаураған марғау

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Іңкәрім биыл төртке толды. 
Інілі болғалы бері тіпті де есейіп қалғандай. Бауырының бөкебайын түзеп, құлап қалмасын деп қолынан ұстайды. Інісі енді ғана бірден асқан, жаңа тәй-тәй басып жүр.
Қалыптасқан әдет бойынша, кешкі асқа көкөніс алу үшін ол күнде анасымен бірге дүкенге барады. «Қысқы ызғырықтан тоңады» деп әкесі қанша қаламағанмен, «таза ауа – жанға дауа» деп шешесі екеуін ертіп алады. Далаға шығатын кезде олар да қуаныштан шапалақ ұрып, алақайлайды. Бұрын даланы сылтау ғып «шоколад жейміз» деп аулаға ұмтылатын. Ал бұл жолы алдында көрген, пырылдақ мысықты тамашалау үшін асықты. 
Мұртты мысық есік алдында бүрісіп отыр екен. Оны көрген балалар айналсоқтап, тыпырлап жүрді де қойды. Ұстап, сипап көріп, таң-тамаша болды.
Басқа балалар да топырлап жүр. Қайсы бір ата-ана балаларының қолымен мысыққа «кит-кат» берді. Мысықтың тамақ жегенін қызықтап, балалар мәз. Олардың қуанғанын көріп әке-шеше шат. 
Кенет бір бейтаныс марғау таяу жердегі қуыстан шығып, тамақтың қалмағанын көрді де, ренжіп, басын салбыратып тұрып қалды. Оны көрген балалар «Оған да тамақ берейік» деп шулап қоя берді. 
Балалар тынышталсын деді ме, әлде әлгі марғауға жандары ашыды, үлкендер дүкеннен мысыққа арналған тамақ әкеп, оның алдына қойды. Бір уыс боп бүріскен марғауды меңзеген бір ана: 
– Енесі қайда екен? – деп еді, Іңкәрім мысыққа бір, анасына бір қарап алды да:
– Оның әке-шешесі – жұмыста, ал өзі балабақшада, – деді тақылдап. 
Мұны естіген шешесі қызының өз түсінігіндегі дүниені айтып тұрғанын біліп, жымиып қойды. Марғауды шақырып еді, ол жақындап келді. 
Жүні жығылып, қушиып қалыпты. Сонда да сүп-сүйкімді. Көзі мөп-мөлдір, жұлдыз сияқты жарқырайды. 
 Мысық тойып тұрса да, марғаумен таласып тағы жеді. Осы кезде оған қадалып тұрған Іңкәрім тосын бір өтініш айтты.
– Анашым, марғауды үйге алып кетейік, далада қалса, жаурап қалады. Ол әлі кішкентай ғой, – деді қиылып. 
Анасы қызының кішкене марғауға жаны ашыған нәзік жүрегіне сүйсінді. Сәбилер арбасындағы кішкентай ұл да былдырлап, мысықтарды қимай тұрған секілді. 
Ана балаларының көңілін қимай, соңында марғауды өздерімен бірге ала кетті.  
 

4899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы