- БАЛДЫРҒАН
- 31 Наурыз, 2025
Наурыз көже

Қуат АХЕТ
Шырқалғанда ән-дастан,
Жаңғырып тұр таңғы аспан.
Наурыз көже қайнайды,
Жеті түрлі дәм қосқан.
Еріп ақ қар – ақ әлем,
Алды бір сәт дала дем.
Асыр салып, ойнаған,
Той қызығы – баламен.
– Күшті, – деп.
– Кім қаншалық?
Тоғашы жүр жар салып.
Белдеседі палуандар,
Жығу үшін жан салып.
Бәйге алаңын шаң қылып,
Тәмам жұртты таң қылып,
Шын жүйріктер қара үзді,
Шабандарды қалдырып.
Дәл осындай құтты күн,
Шабандоздар шықты кіл.
Көкпар кетті додадан,
Тақымында мықтының.
Жылдың басы – елге құт,
Кетсін бәле жерге еніп.
Алтыбақан тебеді,
Қыз-бозбала тербеліп.
Ақ көл-көсір, асың да...
Молшылық қой, расында.
Ақ батасын берді атам,
Дастарқанның басында.
Табиғатпен жарасқан,
Елім осы – бағы асқан.
Ән салып тұр барлығы,
Тамсанып тұр дала, аспан.

4832 рет
көрсетілді0
пікір