• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2025

Әділ шешім

(Мысал)

Көктем келіп, өңір қайта түледі. Шөп көктеп, ағаш біткен жарыса жапырақ жайды. 
Қияда, жықпыл-жықпыл тау қойнауындағы тағы аңдар балалап, құс жұмыртқа жарып, дүниенің ақ шелегі ақтарылғандай бейқам мезгіл орнады.
Ұясын биік жартастың қуысына салған қара бүркіт қос балапанына жем қақшытып, бір кезде сырғып, төмен қарай ұша жөнелді. Оның көзі кенет төмендегі бір тосын жайға түскен еді. 
Осы араны көптен бері бір ала қанат сауысқан мекен ететін. Өзін осы маңның қожасы, иесі санаған ол жан-жағындағы ұсақ, әлсіз құстарға әлімжеттік жасап, зәбір көрсететін. Қанатымен қағып, кеудесінен соғып, еріккенде ермегіне, мазағына айналдыратын. Оның бұл сырына қанық қанаттылар ол мекендеген тұсқа жақындамауға, жоламауға тырысатын.
Қайдан келгені белгісіз бір құйтақандай шырша торғайы биыл сол сауысқанның ұясының түбінен ұя салып, жұмыртқа басты. Аналық сезімге бөленген ол жұмыртқаларын күндіз-түні тербеді. Ақыры төрт-бес балапан қабық жарды.
Бір күні торғай тапқан жемін аузына тістеп ұясына келсе, ала қанат сауысқан қарсы ұшырасты. Жыртқыш көздері адырайып, қаһарына мініп алыпты.
Ұлықсатсыз келіп орын тепкенін, беталды ұшып, мазасын алғанын айтып, кіжінді. Шырша торғайы жайын айтып, ақталып еді, тыңдаған сауысқан болмады. Қайта шамданып, кәріне мінді.
Содан былай торғайдан маза кетті. Сауысқан еріккен, бос уақытының бәрінде келіп, мазалайтын болды. Әсіресе, балапандарын шоқылап, шошытып, есін алғанда, жаны қатты қиналды. Сауысқанға құлдық ұрып, құрақ ұшты. Ал ол болса мұның аянышты халін көңіл ашар қуанышқа айналдырды.
Міне, осы жай бүркіттің назарына ілінген болатын. Ол қанаты сусылдап келіп, анандай жердегі шетен бұтағына салынған сауысқан ұясындағы үш балапанын болат тұяқтарымен қармап, қайта көтерілді.
Оны көрген сауысқанда ес қалмады. Көзі алайып, аз тұрды да тосын қанат қағып, балапандарының соңына түсті.
Алғашқыда құтқарып алардай жанап барып еді, бүркіт топшысын қағып қалғанда, әлеуетті соққыға ұрынып, құлап қала жаздады. 
Шай қайнатымдай айналып ұшқан алып қыран бір кезде шетен басына қайта келіп қонды.
– Ей, алаяқ, бері кел, – деді сосын сауысқанды қасына шақырып.
Қалбақтай ұшқан сауысқан қорқа-қорқа жанына таяды.
– Оу, торғай, сен де бері кел! – деді іле саңқ етіп.
Күтпеген жайға тап болып, не ұшып кете алмай, не ұя маңында байыздап тұра алмай, құты қашқан шырша торғай қалтырап жақын келді.
Отты жанары жалт етіп жан-жағына қараған бүркіт: 
– Торғай, сен неге шырылдадың, неден қиянат көрдің? Айт! – деді бұйырып. 
Бүркіт сөзінен жанашырлық сезінген торғай көзі жыпылықтап, өз басынан өткен жайларды тегіс баяндап берді. Соңында:
– Көресені осы сауысқаннан көрдім, бүркіт тақсыр! Бәрінен бұрын қанаты қатпаған балапандарымды азаптағаны жаныма қатты батты, – деді жанары суланып.
Сөйлеп отырғанда сауысқанның өзін кінәлі сезініп, үрейі ұшып отырғанын байқады.
– Сауысқан! – деді сол сәтте бүркіт. – Мына тау мен тасты, жер мен көкті кім жаратты?
Тілі байланған сауысқан бұға түсті. 
– Бұл дүние бәрімізге жетеді, – деді бүркіт келесі кезекте. – Сондықтан серіктесіп, ынтымақпен өмір сүру – бәрімізге парыз. Бұл әмбеге аян ақиқат. Ал сенің шырша торғайына істегенің – анық қиянат. Мен балапандарыңды алып кеткенде, қандай күйге түстің? Саған балапандарың, ұяң қандай ыстық болса, өзге анаға да ол сондай ыстық. Сол үшін сен күнәңді мойындап, торғайдан кешірім сұрауың керек!
Сауысқан құйрығы қипақтап, дереу кешірім сұрады.
Торғай кешірген сыңай танытып, басын изеді. Қуанғаннан дүр сілкінді. Кішкене көздері қуанышын жасыра алмай, жылт-жылт етті.
Содан былай қыранның сұсты бейнесін есіне бекем ұялаған сауысқан әлі жеткен құстарға қиянат жасайтын жат қылығын қойып, өз бетінше өмір сүруге көшіпті дейді. 

4846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы