- БАЛДЫРҒАН
- 31 Наурыз, 2025
Мирас АСАН. Өлеңдер топтамасы

Тақия
Тақия – ұлттық бас киім,
Сәні, көркі халқымның.
Тақиямен тастүйін
Асқақтайды нарқың мың.
Басыңдағы шеңбердің,
Тарихын біл, құп көрем.
Тақиясын ерлердің
Тым оюлап тікпеген.
Білетінің келесі:
Бөлінеді ол үш түрге.
Сұрағанға: «төбесі,
Биік, тегіс, үшкір» де!
Қызығады бізге әркім,
«Ерекше ұлт» деп ұлықтар.
Тақиясын қыздардың,
«Топы» дейді, ұмытпа, ал!
Тақиямен жүргенде,
Басыңнан Күн өтпейді.
Пайдасы көп білгенге,
Тақия артық етпейді.
Уа, жас өрен, ұғып ал,
Біл көбірек, жас талап.
Қазақта ойын түрі бар,
Аты – «Тақия тастамақ».
Бұл ақылды бос көрме,
Жадыңда тұт, жас бала!
Тақияны қастерле,
Шешкен жерге тастама!
Тақиясыз жаурайды,
Тақия ки жарасаң!
Киіз үйден аумайды,
Пішініне қарасаң.
Абай киген бұл керім,
Зерлі, құнды тақия.
Тақиясыз жүргенің,
Ойлашы өзің, ұят, иә!..
Шапан
Шапан – ұлттық киім бұл,
Етек-жеңі кең келер.
Ең бағалы сыйың дүр,
Шапанға не тең келер?
Шапан жабу сыйлыға –
Ата дәстүр жолы, біл!
Үлкендердің иығына,
Шапан жап сен, қоңыр ұл!
Шапанды елге сыйла көп,
Шапан болсын үстіңде.
«Сырма,
Қаптал,
Қима» деп,
Бөлінеді үш түрге.
Шапан киген бабалар,
Сөздің айтсам түйінін:
Жадыңда тұт, балалар,
Шапан – ұлттық киімің!
Иісі сіңген атаңның,
Есіңде ме шапаны?
Шалғайында шапанның,
Қасиет бар баталы!
Жалықпағын білуден,
Жақсы әдеттен қашпағын.
Шапан киіп жүруден,
Ұялмайық, достарым!

6409 рет
көрсетілді0
пікір