• БАЛДЫРҒАН
  • 30 Қаңтар, 2025

Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Қызбел деген жерде дүниеге келген. Екі жасында – анасынан, он екі жасында әкесінен айырылады. Жастайынан зерек те зейінді болады. Бастапқыда ауыл молдасынан білім алып, кейін Торғайдағы екі жылдық орыс училищесін тәмамдайды. Мұғалім болып, бала оқытады. «Оян, қазақ!» деген алғашқы жыр жинағы 1909 жылы Қазан қаласында жарыққа шығады. Осы кітап Міржақып есімін күллі қазаққа танытады.
М.Дулатұлы ең алғашқы қазақ романы – «Бақытсыз Жамалды» жазды. Бұл шығарма 1910 жылы кітап болып басылып шығады.
Қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқан Міржақып аталарың «Қазақ» газетінде бас редактордың орынбасары, жауапты хатшы болған.  
Ол кісі 20-ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жалынды күрескері әрі көсемдерінің бірі болды. «Алаш» партиясының бағдарламасын жазды. 
1935 жылы айдауда, Ақтеңіз-Балтық каналы құрылысында жүріп қайтыс болады.
Біз бүгін саналы ғұмырын туған елінің азаттығы жолындағы ұлы күреске арнап, сол жолда шыбын жанын құрбан еткен Міржақып аталарыңды еске ала отырып, балаларға арнап жазған бірнеше шығармасын назарларыңа ұсынамыз.

 

Байлық

Бір жарлы жігіт жас күнінде оқыған ұстазымен жолығып, өзінің бұл күнде кедей болғандығын шақты. Онымен бірге оқыған серіктерінің көбі бай болып, кейбіреулері жұртқа кадірлі кісі болып кеткенде, өзінің әрқашан көрген күні жоқшылық екенін сөйледі. 
– Қалайша сен өзің айтқандай кедейсің? – деді ұстазы. 
– Сенің денің сау, қол-аяғың аман, жұмысқа жарарлықсың. Және шәкіртінің оң қолын көрсетіп сұрады: 
– Сен мына қолыңды мың сомға кестіруге рұқсат етер ме едің? 
– Құдай сақтасын! Он мың сомға да кестірмеспін, – деді жігіт. 
– Қаншаға берер едің жарық дүниені көретұғын қырағы көздеріңді, сақ құлақтарыңды, мықты аяқтарынды? – деді ұстаз.
– Мен бұларды дүниенің малына да айырбастамас едім, – деді шәкірт. 
Сонда ұстаз шәкіртке: 
– Қалайша еңді осынша байлыққа ие бола тұрып, жарлымын дейсің? – деді.

 

Қасқыр қысты қалай өткізеді?

Ызылдап сокқан суық жел. Аттының жолын, жаяудың ізін қар басқан, көлдер мен өзендерде мұз толған. Аяз бен боран жан-жануарлардың бәрін де үйіне, қорасына куып тыққан да, далада тұрақсыз қаңғырып, суыққа дірдектеп, қарны ашып, бұралып көкшіл жүнді қасқыр жүр. Бір жерде де рақатпен жатқызбай тоғайларды, мидай даланы кездіріп мұны қуып жүрген – аштық.
Сорлыға күндіз де, түнде де дамыл жоқ. Қалың қарда кейде аяңдап, кейде жортып, тістерін сақылдатып, «қайдан бір тоятын тамақ табылар екен» деп жүргені. 

11481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы