- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қаңтар, 2025
Ата дәстүр, жақсы салт

Ақылбек ШАЯХМЕТ
Көрімдік
Киім алып сары күзде,
Үй ішіне көріндік.
Атам сонда бәрімізге
Үлестірді көрімдік.
Мәз болса да барлық бала,
Жұмсамадық құр текке.
Бізге берген ақшаға да
Кітап алдық мектепке.
Аямадық теңгемізді,
Тойда біз де көріндік.
Көрсеткенге жеңгемізді,
Бердік тағы көрімдік.
БАЗАРЛЫҚ
Апам сыртқа шықан сайын
Әкеледі базарлық.
Інілерім сонда дәйім
Базарлықты мәз алып.
Барлығы да жарасымды,
Тәттілер тіл үйірер.
Мұны көріп бала сынды
Апам қатты сүйінер.
Әкем келіп алыс жақтан,
Көп базарлық әкелді.
Маған өзім қатты ұнатқан
Ойыншықты әперді.
БАЙҒАЗЫ
Судай жаңа киім киіп,
Шығып едім ортаға,
«Байғазы», – деп әпкем көріп,
Ақша салды қалтама.
ЕРУЛІК
Ел ішінде қонақ күткен,
Әкем менің ең сыйлы.
Шақырдық біз ерулікке,
Көшіп келген көрші үйді.
СҮЙІНШІ
«Келін келді үйіңе!» – деп,
Сұрап жатыр сүйінші.
Бірі ән сап, бірі билеп,
Қуанып жүр үй іші.
ШАШУ
Көрген едік біз де барып,
Тойға келген көп елге
Кәмпиті мен құртын алып,
Шашу шашты әжем де.
ҚОНАҚАСЫ
Қойдың басын ұстатса,
Бұл құрметтің мәні не?
Бастан қонақ дәм татса,
Таратады бәріне.
Құлақ кесіп бергенде:
«Құйма құлақ бол!» – дейді.
Екі көзді ұсынса,
«Қырағы бол, көр!» – дейді.
Тілді берсе балаға,
«Үлкен тілін ал!» – дейді.
Таңдай берсе, «данадай
Шешен болып қал!» – дейді.
Құйқа берсе, «еліңе
Жұмсақ, тәтті бол!» – дейді.
Ми бергенде, «есірмей,
Есті болып жүр!» – дейді.

11633 рет
көрсетілді0
пікір