• БАЛДЫРҒАН
  • 30 Қаңтар, 2025

Аса көрнекті ақын, Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл

Қадыр аталарың 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жымпиты кентінде дүниеге келген. Бала кезден-ақ кітапқұмар, білімпаз болады. Алғашқы өлеңдерін 10-12 жасында жаза бастайды.  
1958 жылы Қазақ мемлекеттік универси­тетінің филология факультетін тәмамдайды. Сол жылы жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғанға» жұмысқа тұрып, поэзия бөлімінің меңгерушісі болады.
«Балдырғанда» Қадыр аталарың балаларға арнап талай-талай тамаша дүниелер жазды. Ол кісінің «Көктем», «Жаңғалақтар», «Кішкене Қожанасырлар», «Ноян-қоян», «Алуан-палуан», «Сабақ», «Алақан», «Күміс қоңырау» сияқты бала­ларға арналған кітаптары – қазақ балалар әдебиетінің асыл қазыналары қатарында.
Жалпы, Қадыр аталарыңның көзі тірі кезінде сексенге жуық поэзиялық, про­залық, әдеби-сын кітаптары жарық көрді. Әнге арнап жазған өлеңдерінің саны 300-ге жуықтады. Сондай-ақ, ол кісі бірнеше әдемі драмалық шығармалар да жазды. Көптеген әлем әдебиеті жауһар­ла­рын қазақ тіліне аударды. Өзінің де шығар­ма­лары көптеген шетел тілдеріне тәржі­ме­ленді.
Қадыр аталарың өмірінің соңына дейін өзі уығын қадасып, шаңырағын көтеріскен «Балдырғанын» еш ұмытқан жоқ. Редакцияға жиі келіп тұрды. Жеткіншектерге арнап жазған жаңа дүниелерін үнемі ұсынып отырды. 
Дара дарынымен, көл-көсір білімімен халқының қадірлісі бола білген Қадыр аталарыңның туғанына 90 жыл толуына орай, өздеріңе арналған тамаша туындыларының бірқатарын назарларыңа ұсынамыз. 

 

 

ШАНА

Жарыспақшы көп шана,
Жаңа шана, көк шана!
Сен бір жүйрік оқ шана,
Саған жетер жоқ шана!

Сынасатын кез, шана,
Саған айтар сөз, шана:
Мені жығып кетсең де,
Барлығынан оз, шана!

 

АНА ТІЛІ

Ақындардың өлеңін
Жүрегінде түнетіп,
Көтеріпті ұлы елім,
Ана тілін ту етіп.

Ана тілің, біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің, біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

 

«А»

– Ата, зейін салдың ба?
Бар әріптің алдында
Неліктен «А» тұрады? – 
Деп бір күні сұрадым.
Атам менің сауатты
Былай берді жауапты:
Ата,
Ана,
Ақыл,
Ар,
Адам
«А»-дан басталар.
Содан шығар, Құрбаным,
«А»-ның алда тұрғаны!..

 

НЕ ҮШІН?

– Екі көзің не үшін керек?
– Жақсыларды көру үшін!
– Екі қолың не үшін керек?
– Елге көмек беру үшін!

– Құлақ деген не үшін керек?
– Ақыл-кеңес тыңдау үшін!
– Жүрек деген не үшін керек?
– Жауларымнан қыңбау үшін!

– Тіл мен жағың не үшін керек?
– Ақиқатты айту үшін!
– Ал аяғың?..
– Шетте жүрсем,
Туған жерге қайту үшін!

 

СЫЙ

Құрап бүгін бастарын,
Келіп еді достарым.
Жинап алып ұл-қызды,
Кірпіштен үй тұрғыздық.

Жалған емес,
Бұл анық:
Қабырғасын сыладық.
Терезеге, есікке
Қалдырып ек тесік те.

Алайда оған сыймадық,
Ақ күшікке сыйладық.

 

ҚЫРЫҚАЯҚ

Шым астынан кетпейді,
Шымбайына батса да.
Суық та оған өтпейді,
Сызды жерде жатса да.

Жүргенде ұзап кетпейді,
Бар ынтасын салса да.
Қосаяққа жетпейді,
Қырық аяғы болса да!

 

БІЛМЕЙДІ, БІЛМЕЙДІ

– Бұлт деген не,
Бұлт деген? – 
Деп сұрадым бір күні.
– Бұлт деген бе?
Бұлт деген
Паровоздың түтіні! – 

Жауабына мәз інім,
Білгішін-ай өзінің!

 

БАЛАҚАЙ

– Бүлдірген тереміз, балақай.
– Алақай!
– Ат жарыс көреміз, балақай.
– Алақай!
– Айға ұшып барамыз, балақай.
– Алақай!
– Кел, ағаш жарамыз, балақай.
– Әй, ата-ай!..

11587 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы