• Ертегі
  • 30 Қаңтар, 2025

Құмырсқа мен шегіртке

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ

 

(Ертегі)

 

Баласын жем іздеуге баулып жүрген Құмырсқа бидайдың басын иіп жеп тұрған Шегірткеге кез болды.
– Ассалаумағалейкүм, Шегіртке! – деп сәлем берді. – Адамның еңбекпен өсірген бидайын қалай рақаттанып жеп тұрсың?
– Осынша көп астықтың бір түйірін жесем, Адамның несібесі кеміп қалмас. Жылдағы әдетім осы – жаһанды жалпағымнан басып келем де, дәнге ауыз салам. Одан кедей боп қалған ешкімді көрмедім, – деді Шегіртке.
Жұлым-жұлым болған масаққа қараған Құмырсқаның көзі анадай жерде дәндерді шашып ойнаған Шегірткенің балаларына түсті.
– Қарашы, балаларың да өзің секілді өзгенің нәрсесін ұрлауға дағдыланыпты. Ертең олар да ұрпағын ұрлыққа үйретеді. Ал ұрлықтың жақсылық әкелмесі белгілі, – деп күрсінді Құмырсқа.
Бұл сөзге ашуы келген Шегіртке:
– Дайын астан аттап өтіп, қайда барып жем іздеймін?! – деді шырт етіп ұшып.
Құмырсқа да жолына түсті. Былай ұзағанда баласы:
– Апа, біздің алысқа барып әкелетініміз – елден қалған қалдық. Неге соншама жанымызды қинаймыз? Ал Шегіртке енді піскен дәнді таңдап жеп жүр. Біз де солай жаңа бидайдан аздап алайық та, – деді.
– Балам, Шегіртке ісінің дұрыс еместігін әлі-ақ білесің, – деді анасы.
Жүре-жүре екеуі жүгері алқабының шетіне ілінді. Шашылып жатқан нан қиқымын көрді. Шамасы, осында отырып біреу нан жеп, су ішкен.
– Балам, міне, мынау – нан. Ас патшасы, – деді Құмырсқа қиқымдардың ең ірісін таңдап алып. – Бұл әлгі Шегіртке жеп тұрған бидайдан жасалады. Адамдар өте еңбекшіл. Олар дәнді өңдеп, тәтті тағам етіп жасайды. 
Аң-таң қалған бала қиқымның бір түйірін алып, аузына салды.
– Иә, шынымен де бал татиды екен.
– Әлің жеткенше ал. Енді бұларды бізден басқа ешкім керек етпейді.
Екеуі астық алқабының ортасымен жүріп, бағанағы Шегірткемен кездескен жерге жетті. Бір кезде Құмырсқаның құлағы ыңырсыған дыбысты шалды. Арқалаған азығын тастай салып, дауыс шыққан жаққа қарай жүгірді. Баласы соңынан ілесті. Келіп қараса, Шегіртке аяқтары зорға қимылдап жатыр екен.
– Сен дұрыс айтыпсың, досым. Адамдар бидайға у сеуіп тастапты. Оңай олжа табамын деп жүріп, міне, мына күйге ұшырадым. Егер сен құсап еңбектенгенде, бұлай болмас еді, – деді Шегіртке көзіне жас алып.
– Көрдің бе, балам? Әлгінде сен де осы бидайдан ұрламақ болдың. «Ұрлық түбі – қорлық» екеніне енді көзің жеткен шығар, – деді Құмырсқа баласына қарап. – Егер сенім болса, ауыр бейнеттің өзі бақыт болып көрінеді.
– Түсіндім, апа! – деді бала анасының алдына түсіп, иығындағы жүгін мақтанышпен көтеріп, томпаңдап кетіп бара жатып.

11499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы