• БАЛДЫРҒАН
  • 29 Қараша, 2024

Ақ мамық – ақша қар

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

 

(Әңгіме)
 

 

Еркежан күнде аулаға шығатын. Ауылдарының табиғаты өте әдемі, жасыл шыршалары жайқалған биік беткейдің етегіне орналасқан-ды. 
Қазір қарашаның соңы. Бұрынғыдай далаға жеңіл-желпі киіммен шығуға болмайтын. Олай етсе, денесі тоңазып, кәдімгідей жаурар еді. 
    – Күн неге жылы болып тұра бермейді? – деп сұрады Еркежан атасынан.
– О, не дегенің, балапаным! Табиғаттың төрт маусымы бар емес пе? Мектепте оқымадыңдар ма?
    – Оқығам...
– Онда айтшы, кәне...
– Қыс, көктем, жаз, күз.
– Дұрыс. 
– Бірақ, ата, мен күннің ылғи жылы, шуақты болғанын жақсы көремін.
– Ондай күндерді кім жек көрсін? Алайда, Алла Тағала жаратқан жыл маусымдары ауысып тұруы керек. Әрі біз еліміздің солтүстігінде, Арқа деген жерде тұрамыз.
– Арқа?!
– Иә, Сарыарқа деп те аталады. Оңтүстікке қарағанда қысы қытымыр, кейде алай-түлей бораны да бар. Әр өлкенің өзіне тән ауа райы, жан-жануары бар. Түсінікті ме?
– Түсіндім, ата. Тағы бір сауал қойсам бола ма? 
– Қоя ғой?
– Алматыдағыдай биік Алатау бізде неге жоқ?
– А, Алатау ма? Ол – жалғыз ғой! Арқа жері негізінен жазық. Аздаған жатаған таулар кездеседі. Дегенмен... мына Жезқазған жақта – Ұлытау, Ақмола облысында Көкшетау бар. Алатаудай биік емес демесең, олар да тау. Табиғаты көркем. Көкшетаудағы Бурабай – жер жәннаты! Ол аумақта көздің жауын алатын, суы мөлдір сексен көл жатыр. Солтүстікке таман Зерендінің табиғаты да ғажап!  
Айта берсек, әңгіме көп, балам! Осының бәрін кейін үлкейгенде көресің.
– Рақмет, ата!

* * *

Бір күні таңертең ерте тұрып, терезеден сыртқа қараған Еркежан таңғалды. Тез киініп, тысқа шықты. Үй ауласы, ұзын көше, аласа төбелер, бәрі-бәрі – аппақ! Бейне дала ақ көрпесін қаусыра жамылғандай.  
Әсершіл Еркежан қатты қуанды.
– Алақай! – деді шаттанып. – Алақай! Қандай әдемі! Қыс түсіпті! Енді жылы киіну керек! Апама айтып, қыстық киімдерімді тапқызып алайын.
Шынында, қыс түсіп еді! 
Айнала мамық – ақша қар! 
 

671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы