- БАЛДЫРҒАН
- 29 Қараша, 2024
Көрнекті балалар ақыны Мүбәрак ЖАМАНБАЛИНОВТЫҢ туғанына 100 жыл
Мүбәрак аталарың 1924 жылы 7 қарашада Павлодар облысының Железин ауданына қарасты Тәттімбет ауылында дүниеге келген.
Балаларға арналған тырнақалды туындыларын мектепте ұстаздық етіп жүріп жазған. Кейін республикалық «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналы мен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары жариялана бастайды.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Айнабұлақ» деген атпен 1956 жылы жарық көреді. Содан бастап балаларға арналған «Сәлем», «Ақын бала», «Батыр мұғалім», «Ашық күн», «Балғын гүлдей балақан», «Кішкентай достарға», «Менің інім» атты жыр жинақтарын шығарды.
Мүбәрак аталарыңның өлеңдері қырғыз, түрікмен, өзбек, орыс, латыш тілдеріне аударылды. Көптеген шығармалары мектеп оқулықтарына енген.
Бір айта кетерлігі, ақын аталарың өмірінің соңына дейін туған жерде – Павлодар облысындағы Ертіс қалашығында тұрған.
Ауылда жүріп-ақ қазақ балалар әдебиетінің белді өкілдерінің бірі атанып, артына өшпес мол мұра қалдырған Мүбәрак аталарыңның 100 жылдығына орай, тамаша туындыларының бірнешеуін назарларыңа ұсынамыз.
ТӘТТІ ТІЛ
Күлтайына анасы:
– Тілі өзінің, қарашы,
Тым тәтті боп барады, –
Деп, сүйсіне қарады.
Күлтай басын қасыды:
«Шоколодты жасырып
Жейтінімді анашым
Сезіп қойды-ау, шамасы...»
ШЕБЕРIН-АЙ АЯЗДЫҢ!
Шеберiн-ай аяздың:
Әйнектердi қағаз ғып,
Әшекейлеп қойыпты,
Бiрнеше ою ойыпты.
Жапырақтың, гүлдердiң,
Сан алуан түрлерiн,
Өркештерiн өр таудың,
Мүйiздерiн арқардың –
Бәрiн, бәрiн анық қып,
Айнытпай-ақ салыпты.
Суреттердi әр үйге,
Әйнектердiң бәрiне,
Түнде салып бередi,
Көзi қалай көредi?
ЕКІ ҚОЛ
Қолжуғыштың қасына
Келе қалды балақан.
Ысқылады асыға
Алақанды алақан.
Ысқылады асыға
Оң қолымен сол қолын.
Ысқылады асыға
Сол қолымен оң қолын.
Қарады да сосын ол,
«Тап-таза!» – деп қуанды:
– Қандай жақсы, екі қол
Бірін-бірі жуады.
АЛҒАШҚЫ ҚАР
О, керемет, керемет!
Бейне аппақ көбелек,
Ақша қар жай көлбеңдеп,
Қонып жатыр жерге кеп.
Қонып жатыр тауға кеп,
Бақшаға кеп, бауға кеп.
Қонып жатыр көлге кеп –
Кеттi ұласып жер мен көк.
Шыр көбелек айналып,
Қонып жатыр жайланып:
– Ендi қайтып ұшпаймыз,
Осы жерде қыстаймыз.
ШАҢҒЫШЫҒА
Жар басында тұрсың ба?
Бет алған соң, қымсынба!
Таяғыңды нық ұста!
Тынысыңды дұрыста!
Қазiр төмен зулайсың,
Бәлкiм, бiраз тулайсың.
Тек құлама, құлама!
Құлап қалсаң, жылама!
658 рет
көрсетілді0
пікір