- БАЛДЫРҒАН
- 29 Қараша, 2024
Тiлек
Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ
(Әңгіме)
Сабақ енді басталған. Мұғалім «Ана тілінен» жаңа тақырыпты түсіндіріп жатыр. Ал Дамир көңілсіз отыр.
– Ал, балалар, дәптерімізді ашып, әрбіріміз өзіміздің бір тілегімізді жазамыз. Кімде қандай тілек бар? Бес минуттан кейін жиып аламын, – деді мұғалім соңында тапсырма беріп.
Оқушылар қаламсаптарын алып, алдарындағы дәптерге шұқшиды.
– Дамир, неге жазбай отырсың? Әлде бір жерің ауырып отыр ма? – деді мұғалім.
– Жоқ, – деді Дамир қолына қаламсабын алып, алдындағы ақ параққа үңіліп. Не тілек жазарын білмей қасындағы баланың алдына қарады.
«Әкем маған велосипед әперсе екен» деген жазуды көзі шалды.
«Велосипет маған да керек» деді ішінен. «Мен де соны жазсам ба екен... бірақ, көшіріп алғандай болам ғой» деді іркіліп. «Әкем аман болса, әлі талай велосипет әпереді» деді іле ақ параққа төніп.
* * *
Кеше әкесіне өкпелегені есіне түсіп, қатты ұялды. Өзін мектептен алуға ағасы келгенде, «әкем неге келмеді» деп ренжіп, жүрмей тұрып алған.
– Әкем сырқаттанып қалды, – деді ағасы көңілсіз.
– Өтірікті соқпа, – деді бұл сенбей. – Сабаққа шығарда ұялы телефонмен сөйлескем. Бүгін өзім келіп, алам деген,
– Не деген сөз ұқпайтын адамсың, – деді ағасы желкесінен ұстап. Бұлтаңдағанына қаратпай, мектептен алып шығып кетті.
Көшеде кешкі кептеліс басталған. Жаяулар жолағынан өтіп бара жатқанда Дамир:
– Мен ешқайда бармаймын. Осында әкемді күтем, – деді, жол ортада тұра қалып. Асыққан жүргізушілер дабыл басып, айналаны азан-қазан қылды. Ағасы Дамирді көтеріп, келесі бетке ұмтылды. Ерке іні аяғын тепкілеп, бажылдап барады.
Жерге түскені сол, Дамир қайта артқа ұмтылып, жолды кесіп кері өтпек болды. Ұстай алған ағасы оны еркіне қоймай, біраз жерге дейін көтеріп апарды. Інісінің ашуы басылған соң, екеуі жол бойындағы орындыққа кеп отырды.
– Жаңағы қылығыңды анама айтам. Сазайыңды береді, – деді ағасы.
– Айта бер, – деді Дамир.
– Әй, мынау не дейді? – деді ағасы оған төне қарап. Осы кезде қалтасындағы телефоны безілдеп қоя берді. Алғаны сол, ар жақтан анасы:
– Дамирді алдың ба? – деді асығыс. – Үйге жеттіңдер ме? Бүгін мен кеш барамын. Әкеңе қарап отырмын.
– Әкем қалай?
– Әлі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер қарап жатыр...
Дамир ағасының қолынан телефонды жұлып алды.
– Анашым, әкеме не болды?
– Әкең ауырып қалды, құлыным. Бірақ, қорқатын ештеңе жоқ. Жазылып кетеді. Сен ағаңды тыңда... ұқтың ба?
– Ұқтым.
– Болды, дәрігер келе жатыр, телефонды өшірем.
Дамир әкесін қатты уайымдады. Кеш қайтам деген анасы да келмеді. Бір-екі рет түсінен шошып оянды. Әжесі шақпақ шиін жағып, отпен аластады.
Ертесі әжесінен қалмай ауруханаға барды. Төсекте сұлқ жатқан әкесін көргенде, көзі жасқа толды. Бір түнде әкесін сағынып қалыпты, жүгіріп барып құшақтай алды. Басын төсіне қойып, мауқын басты.
– Қой, жігіт деген жылай ма екен? – деді әкесі құлағына сыбырлап.
Бұдан соң, Дамир одан бетер елжіреді.
– Сен жігіт болдың. Жылама. Мен жоқта ағаңды тыңда, ініңе қара, – деді әкесі кеудесі сырылдап.
Көзінің жасын сүрткен Дамир басын изеді.
* * *
Мұғалім орнынан тұрып, тапсырма жинауға кірісті. Көз қиығын салып, балалардың тілегін оқып та қояды.
Дамирдің тұсына келгенде дәптерінің жабық тұрғанын көрді.
– Дамир, тапсырманы орындадың ба?
Дамир басын изеп, дәптерін ұсынды.
Қасынан ұзай бере мұғалім дәптерді ашып қарады. «Әкем тез жазылып кетсе екен» деген үлкен әріптермен жазылған жазуды көрді. Кенет артқа бұрылып, қасына келіп, баланың басын сипады. «Тілегің қабыл болсын!»
Дамирдің жүзі жанып, жайнап сала берді.
659 рет
көрсетілді0
пікір