- БАЛДЫРҒАН
- 29 Қараша, 2024
Кедей жігіт пен ұры бай
(Тибет ертегісі)
Бір қыстақта Ложо атты кемпір мен оның Соном есімді ұлы тұрыпты. Қамыс күркелері мен шағын шошаласы бар екен. Кедей болғандықтан, анасы елдің ескі киімін жамап, баласы отынын жарып, қорасын тазалап күн көріпті. Еңбекқор әрі адал Сономға жұмыс істеткендер ақысын уағында беріп, алғыстарын айтады екен.
Тек қыстақтағы ең бай адам ғана, өте сараң болғандықтан, оған жұмыс істеткенімен, ақысын «кейін берем» деп алдайды екен. Алдамшылығымен қоса, ол жұрттың затын жымқырып кететін ұры екен. Баукеспелігі сонша, ел оның ұры екенін білсе де, айғақ таппай қиналыпты.
Соном бірде ойланып, ұры байды қақпанға түсірудің амалын табады. Базар маңында тот басып жатқан ұсақ темірлерді елегенге жиып, шошаласына әкеледі.
– Апа, дәмділеп тамақ пісіріп қойыңыз. Ұры байды бүгін қонаққа шақырдым. Ол тамақ ішіп отырғанда, мен әкелген ұсақ темірлерді салдырлатып басқа бір тегешке салыңыз, – дейді.
– Оның не, ұлым? – дейді шешесі таңданып.
– Оның не екенін соңыра білесіз. Айтқанымды орындаңыз, – дейді Соном. Анасы келіседі.
Қонаққа келген бай дәмді тағам жеп, әңгіме соғып отырғанда келесі бөлмеден шылдыр-шылдыр дыбыс шығады. Бай елең етеді.
– Анам ғой, күнде өстіп төркінінен келген алтынын санайды. Не сатуға бермейді! – дейді Соном.
Бай сенер-сенбесін білмей отырғанда, Соном сыртқа шығып, бір алтын теңгені әкеп байға ұсынады.
– Құрметті көрші, мынау сізге сыйлық! Анам «ұлыма қарайласа жүрсін» деп беріп жатыр, – дейді.
Бай алтынды бас салады. Ішінен «бұлар кедей болып көрінетін қулар екен ғой. Текке жатқан алтындарын сыпырып алудың сәтін өздері салды!» деп ойлап, рақмет айтуды ұмытып кете барады.
– Ұлым, қолда бар жалғыз алтынды бере салғаның не!? Сен үйленгенде, құдаға берейін деп жүр едім! – дейді шешесі.
– Апа, алаңдамаңыз! Бір алтынның орнына осы байдың өзі он алтын әкеп беретін болады әлі, – дейді Соном.
Түн ортасы ауа біреу келіп шошала үйдің іргесін қаза бастайды. Соном жасырынып шығып, бақылап тұрады. Әлгінің басы ішке кірген кезде жетіп барып, аяғын тас қып байлап тастайды. Шам жағып әкелуге шешесін шақырады.
Ішке енгенде, тесіктен басы мен екі қолы көрініп тұрған кешегі қонақты көреді. Соном көзінен жас аққанша күледі.
– Іздеп келген алтының, міне, ала ғой! – дейді темір-терсек толы тесік тегенені қолына ұстатып.
– Байлығымның жартысын берейін, босат мені! – деп жалынады бай. Артынан жылайды.
– Мен пара алатын пасық емеспін әрі сенің ұрлықпен жиған дүниең керек емес маған! Ертең қыстақ қазысы не жаза кессе, сол болады! – дейді Соном.
Таң ата тұрып, Соном қазыны ертіп келеді. Болған істен құлақтанған ел шошаланың сыртында – аяғы, іште басы мен қолы көрініп жатқан байды көріп, күлкіден жарыла жаздайды. Сономның амалына таңғалып, алғыстарын айтады. Ал қазы байдың мүлкін тәркілеп, ұрланған заттарын иелеріне қайтарады. Сұм ұрыны айғақпен ұстап, әшкерелегені үшін Сономға қазынадан он алтын сыйлық береді.
Тибет тілінен аударған
Абай МАУҚАРАҰЛЫ
657 рет
көрсетілді0
пікір