- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қазан, 2024
Балабақшада
– Балалар, тынышталамыз! – деді тәрбиеші сабақ басталғанын білдіріп. – Біз бүгін мамандық туралы айтатын боламыз. Сендер мамандық дегеннің не екенін білесіңдер ме?
– Білмейміз...
– Білмейміз...
Дауыстар әр жерден шықты.
– Онда мені мұқият тыңдаңдар! Білесіңдер ме, Әдемінің әжесі не жұмыс істейді?
– Әдемінің әжесі балаларға дәрі береді, – деді Әсем.
– Дұрыс. Демек, оның дәрігер болғаны. Ал Інжудің әжесі не істейді?
– Менің әжем күнде мектепке барады, – деді Інжу.
– Демек, ол кісі – мұғалім, оқушыларға сабақ береді.
– Біздерге тамақ беріп жүрген кім?
– Аспаз апай...
– Аспаз апайдың тамағы тәтті, – деді бір бала.
– Дұрыс, балалар! Енді білдіңдер ғой, «мамандық» деген үлкен кісілер істейтін жұмыс. Әр адамның өз мамандығы болады. Оны жоғары оқу орнына түсіп оқиды.
– Түсіндік! – деп шу етті балалар.
– Енді, – деді тәрбиеші екі қолын көтеріп. – Бәріміз бірге сергіту жаттығуын жасаймыз.
Ұзынқұлақ сұр қоян
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы-қырлы жерлермен
Ытқып-ытқып жүгірді.
Қарап еді артына,
Қиығын сап көзінің,
Келе жатқан томпаңдап,
Көжегі екен өзінің.
Апай өлеңді айтып тұрып қорқып қашқан қоянның қимылын салды.
– Кәнекей, қайталаймыз!
Тақпақты қосылып айтқан балалар орындықтарын қозғап, бір-біріне соғып, дабырласып қалды. Жаттығуларын жасап, орындарына қайта жайғасқан соң:
– Бүгінгі сабақтан не түсіндіңдер, балалар? – деп сұрады тәрбиеші.
– Менің әжем – дәрігер, ол бізге дәрі береді, – деді Әдемі.
– Менің әжем – мұғалім, ол оқушыларға сабақ өтеді, – деді Інжу.
– Ал әжелер істейтін ол жұмысты не деп атаймыз?
– Мамандық! – деп балалар қосыла шу ете қалды.
– Дұрыс! Сендер өскенде қандай мамандық иесі болғыларың келеді?
– Мен ғарышкер боламын, – деді Ақжол.
– Мен полицей боламын, – деді Аршын.
– Мен президент болам.
– Дұрыс! Бәрі де жақсы мамандық. Мамандықты осылай ерте таңдау керек. Сонда кейін қиналмайтын боласыңдар.
739 рет
көрсетілді0
пікір