- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қазан, 2024
СЫЙЛЫҚ

Асхат ӨМІРБАЕВ
(Әңгіме)
Ая бүгін ерте оянды. Көзін ашып, терезеге қарады. Құлағына торғайлардың әуезді үні естілді. Күнді осылай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
– Анашым! –деді ас әзірлеп жатқан анасының жанына келіп.
– Ботам, ояндың ба?
– Иә. Сыртта торғайлар ән салып жүр. Далаға шыққым келеді.
– Жақсы. Алдымен таңғы асымызды ішіп алайық.
Сәлден соң анасы екеуі үйдің жанындағы баққа келді. Жайқалып тұрған әсем гүлдерді құшырлана иіскеді. Нәзік саусақтарымен гүлдің күлтесін мәпелей аялады. Бір-бірін қуалап жүрген көбелектерді көрді. Өздері сондай әдемі екен.
– Бүгін неге бәрі сондай әдемі болып кеткен?
– Солай ма? – деді анасы айналаға зер сала қарап.
Көздің жауын алатын алуан түрлі гүлдер, қалықтай ұшқан құстар... Кішкентай қыз ыңылдап ән сала бастады. Дауысы бұлақ сылдырындай тұнық.
– Ән салып тұрған сенсің бе, құлыным? – деді анасы өз құлағына өзі сенбей. – Дауысың қандай керемет еді!
Қуанышы қойнына сыймаған ананың жанары жасаурады. Ая бұрын көңілсіз, тұйық қыз болатын. Бүгін өзгеше күйге еніпті. Шөп еткізіп бетінен сүйіп алды.
Шабыттанған қыз түрлі қимылдар жасап, билей бастады.
– Анашым, мен өскенде биші болам!
Қызының бойындағы оң өзгеріске сүйінген ананың бақыттан басы айналды. Қолынан ұстап, бірге биледі.
Үйге келген соң Ая қолына сурет дәптері мен қарындаштарын алды. Бақшада көргендерін сала бастады.
– Анашым! – деді бір кезде басын көтеріп. – Бүгін қандай ерекше күн екенін білесің бе?
– Жоқ, қызым, білмедім.
– Анашым, қалай білмейсің? Бүгін сенің туған күнің ғой. Міне, мынау – менің өзіңе сыйлығым.
– Рақмет, қызым! – деді анасы мейірленіп. – Мен үшін бүгінгі ең үлкен сыйлық сенің қуанышты күлкің болды! Одан артық ештеңе керек емес.
– Анашым, суретті жақсы салыппын ба?
– Өте тамаша салыпсың! Бағана бақтан көрген гүлдерден айнымайды!
– Мен өскенде суретші болам, анашым!
– Боласың, қызым! Сен өскенде суретші болып, маған әлемдегі ең әдемі гүлдерді салып бересің!

5707 рет
көрсетілді0
пікір