- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қазан, 2024
ПЫСЫҚ МЫСЫҚ

(Скетч)
Ерте тұрып, беті-қолын жуып жүрген Мысыққа Қоян келеді.
Қоян:
– Сәлем, көрші! Маған шұғыл көмегің қажет болып тұр! Кешке тойға бармақшы едім. Мына матадан әдемі көйлек тігіп берші!
Мысық:
– Сәлем, сәнқой сылқым! Қазір, өлшеміңді алайын.
(Қоянның иығын, арқасын, белін өлшеп алып, дереу көйлек тігіп береді).
– Көп рақмет, Мысық! Қанша болды?
Мысық:
– Негізі жеті мыңға тігем. Көршісің ғой, саған алты мың болсын.
Қоян:
– Маған жеңілдік қажет емес. Жеті мың төлейін. Рақмет саған! Әдемі мата көрсең, маған көйлек тігіп қой. Сатып аламын. Өлшемді білесің.
Мысық:
– Әлбетте!
(Қоян кетеді. Іле біреу есік қағады. Ашса, Түлкі).
Түлкі:
– Сәлем, көрші! Маған шұғыл көмегің қажет боп қалды?!
Мысық:
– Сәлем, сұлу көршім! Не боп қалды тағы?
Түлкі:
– Аяқ астынан үйге қонақ келді. Сататын бәлішің бар ма?
Мысық:
– Жеміс бәліші бар. Какао қосылған, құлпынаймен.
Түлкі:
– Тамаша! Біреуін бере сал. Қанша тұрады?
Мысық:
– Негізі алты мың теңге. Саған бес мыңға берем.
Түлкі:
– Рақмет, досым! Менің көмегім қажет болса, айт?!
(Түлкі Қоянға бес мың теңге береді. Қоян ақшаны алып, қуанып әмиянына салып қояды. Түлкі кете сала, тағы есік қағылады. Ашса, Қонжық).
Қонжық:
– Сәлем, көрші! Көмектес! Табаныма тікен кіріп кетті... Соны алып, май жағып бер.
Мысық:
– Сәлем, Қонжық! Кәне, табаныңды көрейін?!
(Тікенін алып, май жағып, таңып береді).
Қонжық:
– Рақмет, досым! Көмегім қажет боп жатса, айтарсың?
(Қонжық кетеді. Есік тағы қағылады. Ашса, ешкім жоқ, жерге қараса, Кірпі тұрады).
Кірпі:
– Сәлем, көрші! Орманда аңдар жарысы өтіп жатыр. Маған тез жүретін аяқкиім тауып берші.
Мысық:
– Жарайды! Аяғыңның өлшемі қанша? Менде Ролик бар. Киіп көрші?
(Ролик аяғына шақ келген кірпі, қатты қуанады.)
Кірпі:
– Бағасы қанша?
Мысық:
– Тегін-ақ ала бер! Кей алушыға тегін беремін.
Кірпі:
– Рақмет саған, досым! Кезі келгенде осы жақсылығыңды артығымен қайтармын!
(Кірпі кетеді. Есік тағы тақылдайды. Ашса, Қасқыр).
Қасқыр:
– Сәлем, құрдас! Аштан өлмесін десең, жылдам тамақ бер! Не бар жейтін?
Мысық:
– Асылған ет бар!
Қасқыр:
– Әкел бір табағын!
(Мысық Қасқырға үлкен табақпен ет береді. Қасқыр бір-ақ асап жей салады. Сосын қалтасынан бес мың теңге алып, Мысыққа береді).
Қасқыр:
– Рақмет, құрдас! Маған күніге тамақ дайындап тұруға қалайсың?
Мысық:
– Айтсаңыз болды, Қасеке! Тек алдын-ала тапсырыс беруді ұмытпаңыз...
Қасқыр:
– Жарайды! Сау бол.
(Кетеді).
* * *
Соңында «Орманның ең үздік тұрғыны кім?» деген сауалнама өтеді. Тұрғындар бірауыздан Мысықты көрсетеді.

5737 рет
көрсетілді0
пікір