- Әңгіме
- 30 Қазан, 2024
Не болмады дейсiз...
Леонид КАМИНСКИЙ,
орыс жазушысы
(Әңгіме)
– Кел, кел бері, Серёжкин!
– Мен кешігіп қалдым...
– Оныңды білдік. Алдымен, сәлеметсің бе?
– Сәлеметсіз.
– Екіншіден, не болғанын бізге түсіндіріп берші.
– Ой, не болмады дейсіз! Әуелі сағатым бұзылды.
– Әуелі сағатым бұзылды... тоқтап қалып па?
– Жоқ, сағат тілі сағат тіліне қарсы жүре бастапты. Ал минут тілі – минут тіліне қарсы. Содан уақыттың не болғанын біле алсамшы. Бірақ артынан бәрібір білдім.
– Қалай?
– Түк қиындығы жоқ екен: анықтама бюросына хабарласып едім, ондағылар: «Сегіз жарым болды ғой!» деді. «Солай ма?» деймін мен. «Солай!» дейді олар.
– Иә, содан...
– Кешіккенімді білдім де, жалма-жан киініп, есіктен атып шықтым. Қарасам, сыршылар баспалдақты түгел жап-жасыл ғып сырлап тастапты. Әрі «Уақытша өтуге болмайды» деген тақта іліп қойыпты. Әбден кепсін дегендері ғой. Суағар мұржамен төмен түсуге тура келді. Түсе салып, көшеге жүгіріп шықсам... бұл не пәле... Арғы бетке өте алмайсың, бүкіл көшені жауып тастаған.
– Оны да жасыл сырмен сырлап тастаған болмасын?
– Жоқ, о не дегеніңіз! Жолмен біреулер керік жетектеп өтіп барады екен, сол себепті көше қозғалысы тоқтаған.
– Керікті қайда апармақ екен?
– Білмедім. Мүмкін, хайуанаттар бағына немесе циркке апаратын шығар. Әйтеуір, кідіруіме тура келді. Содан соң мектепке тарттым. Өйткені ол тарапта басқа кедергі жоқ еді.
– Болған-біткені осы ма?
– Осы.
– Иә. Таңғаларлық жағдай екен. Ал енді шыныңды айтшы, Серёжкин, осы айтқандарыңның ішінде тым болмаса адам сенерлік екі сөз бар ма?
– Бар екі сөз...
– Ол қандай сөздер?
– «Кешігіп қалдым» деген...
Орыс тілінен аударған
Бекболат ӘДЕТОВ
727 рет
көрсетілді0
пікір