• БАЛДЫРҒАН
  • 03 Қазан, 2024

Көк қозының көмегі

(Әңгіме)
 

Қонысбектің әкесі базардан бес қозы сатып әкелді. Өздері сондай сүйкімді екен. Жүндері бұйра. Келген бетте берген сүтті ішіп, қунап қалды. 
– Әке, бұлардың шешесі қайда? – деді Қонысбек.
– Есіңде болсын, «шеше» деп адамға айтады. «Малдың шешесі» демейді, «енесі» дейді... 
– Түсіндім, әке. Иесі бұларды неге сатқан? 
– Енесі жоқ екен. Малсақ адам алса, жақсылап қарайды десе керек. 
– «Малсақ» деген не, әке? 
– Малжанды, малдың жайын білетін адамды айтады.    
– Білдім. Бұл қозылар енді біздікі ме?
– Иә. Біздікі.
– Бұлар не жейді?
– Кішкентай болғандықтан, сүт береміз. Одан әрі аз-аздан жем жейді, шөпке жайылады.
– Әке, – деді Қонысбек іле. – Қозылар туралы айтып беріңізші? 
– Айтайын. Жалпы қозылар егіз және жалқы боп туылады. Оларды туған мерзіміне қарай мәйекті қозы, көбе (кепе), қауқа, күн тимес, көпелдеш, көпей, арамза, марқа, бағлан деп атайды. 
Қозылар туған соң 10-15 минутта аяқтанып, енесін емеді. 10-15 күнде оттайды, 3-4 аптадан кейін жем жейді. Оларды 1,5 айлығында отармен бірге бағып, 3-4 айдан кейін еркек, ұрғашысына қарай бөледі.
– Оһо-о! Қозы жәйлі біраз мәлімет білдім... Рахмет, әке!.. 

* * *
Қонысбек қозыларды баға бастады. Ептеп мінездеріне де қанықты. Біреуі қомағай, енді бірі қызғаншақ, біреуі жайбасар. Шыны құтымен берген сүтті таласа ішеді. 
Көк қозы ерекше ширақ. Қонысбектің аулаға шыққанын көрсе, жүгіріп кеп, тұмсығымен аяғын түртеді. Бала оны көтеріп алады. 
Күн ұясына батып барады. Мал өрістен қайтатын мезгіл. Қонысбек ауыл шетінде балалармен ойнап жүрген. Күнде қозыларды қарсы алып, үйге айдап әкелу оның міндеті болатын. Ойын бітіп, балалармен бірге тыныс алып отырған бір кез еді.
– Мә-ә! Мә-ә!.. 
Қараса, көк қозы екен! 
– Ой, ақылдым! Мені іздеп келгенсің бе? – деп құшақтай алды. 
– Мә-ә! – деді көк қозы тағы.
– Бірдеңе айтқың келе ме? Әлде, қарның ашты ма? – Бала орнынан тұрып, құлдыраңдай жүгірген қозының соңынан ілесті. 
Қозы ешқайда бұрылмай, батысқа қарай тартты. «Мұнысы несі?» Мөңіреген сиыр, маңыраған қойды көргенде ғана Қонысбек оның мұнда неге келгенін түсінді. 
– Малдың алдынан шығайық деген екен ғой!.. 
Қара бала мен көк қозы малдарды айдап келе жатыр. Алдарынан шыққан Қонысбектің анасы дән риза.
– Ойын қызығына беріліп, ұмытқан шығар десем... Көк қозы есіңе салған екен ғой...
– Иә, апа, солай болды... 
Көк қозы бұл кезде шапқылап, үйге жеткен болатын.

Астана қаласы
 

3707 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы