- БАЛДЫРҒАН
- 03 Қазан, 2024
Тай жуасыту
Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ
(Әңгіме)
Сүндет тойымда атам тай атады. Бәсіреге берген қара тай өте әдемі еді.
– Тайың өскесін аламан бәйгеге шабасың, – деді атам мені қызықтырып. Той өткен соң тайыма мінгім келді. Бірақ ол асау еді. Үйретуге жүрексіндім. Ержан ағама айтып едім, «уақытым жоқ» деп кергіді.
Амал жоқ, бір күні қасыма Анарбек пен Нұржанды ертіп, өрістегі жылқыға өзім бардым. Анарбек жылқы жайын жақсы білетін батыл бала еді. Тайға шалма тастады. Бірақ түсіре алмады.
Нұржан тайды құрықпен ұстаймын деді. Әбден жабайыланған тай көпке дейін бізді маңайына жуытпады. Сәлден кейін Анарбек екеуміз басқа балалармен бірге тайды қоршадық. Осы кезде Нұржан оған құрық салды.
Құрықтың тұзағы мойнына түскенде тік секірді. Іле аяғы тайып, жамбастай құлады. Денесі ауырған болу керек, шырқырай кісінеді.
Анарбек мойнына арқан салды. Сөйтіп бұл жолы ол құтыла алмады. Екі құлағынан шап берген Нұржан жібермей ұстап тұрды. Анарбек басына жүген салып, артынша қарғып мінді.
Тай тулай жөнелді. Арқасындағы Анарбекті жығып кетті. Біз жүгіріп барып Анарбекті тұрғызып алдық. Денесі ауырған екен, шамалы отырып демалды.
– Жығылсаң жер көтереді! Жасыма! – деп біз Анарбекке қолдау білдірдік.
Қара тай барып жылқыға қосылды. «Ісім сенімен болсын», дедім мен кіжініп. Шалма тастап тағы да ұстап алдық. Жетектеп ауыл сыртындағы айдауға әкелдік. Күздік себуге арналған қара топырақ соқамен жыртылып, тырмаланыпты. Бізге керегі де осы еді.
Екі досым тайды екі жағынан мықтап ұстап тұрды. Мен қарғып міндім. Қанша мөңкігенмен жыға алмады. Жалынан ұстап, тақымымды қысып алғам. Бір кезде бас бермей алысқа шаба жөнелді.
Басы тым қатты екен. Тізгін тартқанға тоқтамады. Жұмсақ қара топыраққа тізеден батты. Айдаумен шабамын деп қара терге малшынды. Үстін ақ көбік басып, бір кезде болдыруға айналды.
Ауыздық қажаған екі езуі қанап кетіпті. Кешке қарай әзер дегенде жуасыды. Әбден діңкелепті. Үйге әкеліп, үстіне жабу жауып, байлап қойдым.
Үйренген соң тайымды күнде мініп жүрдім. Күн сайын үстін, кекілі мен жалын темір тарақпен тараймын. Уақыт өте келе ол да мені іздейтін болды. Үйден шықсам, құйрығын көтеріп, қасыма шауып келетін.
Бір күні тайыма мініп, Анарбек досымның үйіне бардым. Оның да тайы бар еді. Ал Нұржан сиыр фермада әкесіне көмектесіп бұзау бағатын.
– Нұржанға барайық, – деді Анарбек.
– Жарайды, – дедім мен бірден келісіп. Екеуміз таймен демде жетіп бардық.
Нұржан күрең тайына мініп, бұзауларды көкалға жайып жүр екен. Бізді көріп қуанып кетті.
– Тай жарыстырайық, – деді желпініп. – Бәйгеге беретін сыйлығым бар. Міне, – деді жүзі жалтыраған бәкісін көрсетіп.
– Жоқ. Бұлардың бұғанасы қатпаған жас, жарысқа қосуға болмайды, – деді Анарбек қарсылық білдіріп. Нұржан екеуміз шаба жөнеліп едік, оның дүбір іздеп тұрған торы тайы қосыла шапты. Тартқанға бас бермей ала жөнелді.
Көмбеге мен бірінші боп жеттім. Қатты қуандым. Өйткені, бұрыннан көзім түсіп жүрген бәкі қолыма түсер еді әрі қара тайымның тұңғыш жүлдесі.
Талдықорған қаласы
3825 рет
көрсетілді0
пікір