• БАЛДЫРҒАН
  • 03 Қазан, 2024

Бір атаның ұрпағы

(Мысал)

Киіз үйдің оң жақ бүйірінде бір өреше болушы еді. Онда айран, қатық, құрт, ірімшік, сықпа, сүзбе, сүт, қаймақ, кілегей, маңыз, май секілді жеңсік астар қатар тұратын.
Бірде осылардың арасында күңкіл шықты.
– Бәріңнің үлкенің менмін, сондықтан мені аға деп танып, сыйлайтын болыңдар. Атаманды елемегендерің ұят, – деді құрт аяқ астынан кергіп.
Олардың астына ірімшік орын тепкен болатын. Көршісінің мына сөзін естіп, қопаңдап қалды.
– Өрешеде тұрғандардың ең аяулысы менмін. Өйткені, мен сап-сарымын. Кейде басқалар алтын ба деп қалады.
– Әй, сендер не деп кеттіңдер? – деген таяу жерде тұрған сүзбе. Ол тағы бірдеңе айтпақшы еді, сөзін қатық бұзды. Сөйтті де екеуінің арасында дау басталды.
– Сонда біз қайда қаламыз? – деді кілегей көзін кілгіртіп.
– Жер бетінде қаймақтан тәтті нәрсе жоқ шығар? – деп ерні жылтырап қаймақ сөз бастап еді, сары май оны шетке қақты.
– Сары май деген көкең біз тұрғанда саған жол қайда?
– Маңыздың дәмін татқан ғана біледі, – деді осы кезде маңыз қабаттасып.
Олар сөйтіп дауласып тұрғанда қастарына әйнек ыдыспен сүт көтерген Асыл әжей келді. Барлығы демдерін ішіне тартып, тына қалды.
– Менің сүп-сүйкімді дәмдерім, – деді әжей сыпайылап. – Мен сендерді жақсы көремін. Себебі, сендер елге қызмет етесіңдер.
– Елге қызмет ету деген не? – Бәрі шу ете қалды. 
– Елге қызмет ету деген – адамдарға қызмет ету. Сендер өз алушыларыңды күтіп тұрсыңдар. Ертең базарға апарып, бәріңді сатамын. Сендер біреуге ас боласыңдар, біреудің шөлін басып, енді біреудің таңдайын жібітесіңдер. Сөйтіп бір қажетке жарайсыңдар. Елге қызмет деген – сол.
– Қызық екен!
– Сондықтан, дауласпаңдар! – деді әжей. – Өйткені, сендер айналып келгенде бір кісінің баласысыңдар.
Тұрғандар ду ете қалды.
– Сонда қалай?
– «Бір атаның баласы» деген не? 
– Түк түсінсем бұйырмасын... 
– Онда тыңдаңдар, – деді әжей. – Сендердің аналарың – ақ сиыр. Бәрің де содан жаралғансыңдар.
Бұл сөзді естігендер сәл бөгеліп, артынан тағы шулап қоя берді.
– Ақ сиыр біздің анамыз ба?
– Иә. Ал, мына әйнек ыдыстағы сүт – сендердің ұлы әжелерің. Сендердің бәрің осы сүттен жаралғансыңдар. 
– Міне, қызық! – деп ду ете қалды тұрғандар. – Сүт біздің әжеміз бе?
– Сенбесеңдер, қараңдар, – деді әжей шетте тұрған ірімшік, құрт, ежігейлерді уыстап алып, шелектегі сүтке салып. Артынша қолымен қайта сүзіп шығып, әрқайсысын өз орындарына қойды. Сары май мен тоңазыған кілегейді де сүтке бір малып, жүзін шайды.
– Міне, көрдіңдер ғой, – деді сосын. – Олар ұлы әжесінің төсін аймалап, немересі боп еркеледі. Бір сәт сейілдеп, сергіп қалды. Әжелері де немерелерін құшақтап, мауқын басты. Ал ертең базарға барасыңдар.
Ертесі бәрі базарға келді. Асыл әже өрешені ала келіп, қайта жайып, заттарын тізді. Алушылар келе бастады. Құртты көрген біреу қатты қуанды.
– Ой, мынау менің Әсетім секілді үп-үлкен екен. Алайын да апарайын. 
– Мынау менің кіші немерем секілді екен, – деді ірімшікті көрген әйел де қуанышын жасыра алмай. 
Қаймақ пен кілегей де екі баланың сыбағасы болып, дорбаға тоғытылды. Сары май алушының қолында құбылып, жан-жағына сарғыш нұр шашты.
Аздан соң өреше қаңырап, бос қалды. Заттарын өткізген Асыл әже үйге қайтуға дайындалып, жинала бастады.

 

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ    

3720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы