• БАЛДЫРҒАН
  • 03 Қазан, 2024

Миллион мысық

Ванда Гаг, 
Америка жазушысы

Баяғыда бір кемпір мен шал болыпты. Олар алуан түрлі гүлдер қоршаған, таза, ретті аулада тұрыпты. Күндері өте көңілсіз екен. «Тым құрығанда бір мысығымыз болса ғой» дегенде, кемпірдің жүрегі қарс айырылады екен.
– «Мысық» дейсің бе? – деп сұрайды бір күні шалы. 
– Иә, жүні үлпілдеген сүйкімді мысығым болса, – дейді кемпірі. 
 – Бұл арманың орындалады, – дейді шал. – Саған сондай бір мысық әкеп берейін.
Кешікпей шал жолға шығады. Сай-саланы кезіп мысық іздейді. Жон-жоталардан өтіп, бел-белестерден асады. Табанынан таусылып жүріп, бір күні мысықтар мекендейтін төбешікке бұрылады. 
Жан-жағына қарағанда, қаптаған мысық көреді. Құдды бір мысықтар патшалығы дерсің. Ата мысық, ана мысық, тіпті бала мысық та табылғандай. Санына сан жетпейді. Мүмкін, жүз, әлде мың, бәлкім, миллион, өріп жүреді.
Қуанған шал айқайлап жібереді. «Енді осылардан бірін таңдап, үйіме әкетейін» деп ойлайды. Көзі ақ мысыққа түсіп, таңдауын жасайды. Кері бұрыла бергенде, қара мысықты көреді. Ол алдынғыдан сүйкімді көрінеді. Сосын оны да алады. Іле анандайда тұрған сұры марғауды байқайды. Тым әдемі екен. Қолтығына қысады. Бірнеше қадам аттағаны сол, бір бұрыштан және бір мысық бой көрсетеді. Көрсеқызарлыққа салынып, оны да алады. 
Тағы бір ала марғау одан да сүйкімді көрінеді. «Бұны алмай кетсем, бармақ тістермін» деп, оны да көтеріп алады. Кенет алдында тұрған тарғыл мысықты көреді, көзіне жолбарыстың күшігі боп елестейді. 
«Бұл да біздікі болсын» деп, құшағына қысады. Қайда қараса да, түрлі мысық көзіне түсіп, бірінен бірі өткен сүйкімді көрінеді. Амалсыз кездескен мысықтың бәрін үйіне әкетуге бел буады. 
Келген жолымен кері қайтады. Бел-белес, жон-жоталардан өтіп, құшағындағы марғауларды кемпіріне көрсетуге асығады. Ал артында еріп келе жатқан жүз, мың, тіпті, миллион мысық керуені көңілене керемет қуаныш сыйлайды. Ұзамай бір көлшік кездеседі. «Мияу, мияу, біз шөлдедік», дейді соңындағы сансыз мысық. 
– Жарайды, мұнда судан тарықпайсыңдар, – дейді шал. 
Миллион мысық судан бір-бір ұрттағанда, көлшік тартылып қалады. 
– Мияу, мияу, енді қарынымыз ашты, – деді мысықтар бір ауыздан. 
– Онда сайдағы жасыл майсаны азық етіңдер, – деді шал. 
Мысықтар жасыл майсаға бас қойып, масатыдай құлпырған шалғынды жайпап салады. 
Кемпір кешікпей шалының үйге беттеп келе жатқанын көреді. 
– Бұл не қылғаның, Құдай-ау? Бізге бір ғана мысық керек дедім ғой? Ал мұнда қанша мысық бар?
– Мысық та, марғау да бар. Ағы да, қарасы да жетеді, – дейді шалы.
– Құдай-ау, оларды қалай асыраймыз? Не береміз? – деп күңкілдейді кемпір. – Олар тіпті өзімізді жеп қояр. 
– Бұлай болары үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Енді қайттік... енді?
– Менің бір амалым бар, – дейді сәл ойланған кемпір.                                   – Бізге қайсысы керек екенін мысықтардың өзі шешсін. 
– Табылған ақыл, – дейді шал қуанып. Мысықтарды қасына шақырады. – Араларыңдағы ең сүйкімділерің қайсысың? – дейді сұраулы көзбен.
– Әрине, менмін.
– Жоқ, менмін.
– Қайдағы, мен тұрғанда саған не жоқ?
Әр мысық әр жақтан айқайлап қоя береді. Дауға кіреді. Тіпті бір-бірін итеріп, жұлқыласады. Мұндайды күтпеген шал мен кемпір үйіне кіріп кетеді. Оларға дау-дамай ұнамайтын. Сәлден соң мысықтардың шуы басылады. Екі қарт сыртқа шығып, жағдайды білмек болады. Бірақ олар бірде-бір мысық көрмейді. 
– Меніңше, олар бір-бірін талап жеп қойды, – дейді кемпір. 
– Қиын жағдай болды ғой. Бірақ, анаған қарашы, – дейді шал бір буда шөпті нұсқап. Шөп арасында жүні үрпиген бір марғау тұр екен. Оны көтеріп алады. Жүдеңкі болғанмен, денесі ауыр сезіледі. 
– Бишара мысық-ай! – дейді кемпір.
– Өте сүйкімді екенсің! – дейді шал. – Анау шұбырған мысықтар сені қалай талап тастамаған?
– Мен үйде жүргенді қалайтынмын. Сіздер «қайсыларың ең сүйкімдісіңдер?» дегенде, мен тып-тыныш тұра бердім. Сол себепті олар маған назар аударған жоқ, – дейді марғау. 
Кемпір мен шал марғауды көтеріп үйге кіреді. Жуындырып, жүнін тарағанда, түгі үлпілдеп шыға келеді. 
Олар әр күні марғауға сүт береді. Көп өтпей ол есейіп, үлкен мысыққа айналады. 
– Ол нағыз сүйкімді мысық болды, – дейді кемпір.
– Сүйкімді деген жай ғой. Ол дүниедегі ең ғажайып мысық болды! – дейді шал. – Мен өмірімде мыңдаған, миллиондаған мысық көрдім. Мынау солардың ішіндегі ең кереметі! 

Ағылшын тілінен аударған 
Дүйсенәлі Әлімақын 

 

3715 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы