• БАЛДЫРҒАН
  • 15 Тамыз, 2024

Бақа жауған күн

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ

Мамырдың майда жаңбырынан кейін біздің ауылға бір түйір тамшы тамбады. Бұлттар жауатындай түйіліп келеді де, артынша іріген сүттей ірімтіктеліп, тарап кетеді. 
Маусым өтіп, шілденің соңын ала бір күні құдыреттің күштілігімен қара бұлт қалқып келді де, сел нөсер шелектеп құйды дейсің. Жан-жағы биік болғандықтан, ойпауыт жерге жиналған суды біздің жақта «қақтың суы» дейді. Сондай көлшіктер жамырай жөнелді айналаға.
Күннің шыққанын күтіп тұрғандай кемпірқосақ та сонау алыстан доғаланып тартыла қалды. Табиғат қандай тамаша! Осы бір көрікті сәт осылай ұзақ тұра берсе дейсің. Бірақ, олай болмайды ғой. Әр нәрсенің кесікті уақыты бар.
Кешікпей Есен Есетті үйінен ертіп шықты.
– Жүр, қызық көрсетем, – деді әй-шайға қаратпай сүйрелеп.
– Не қызық? – деді анау тыртысып.
– Барғасын көресің.
– Айта берсей енді.
– Аспаннан бақа жауыпты.
– Қайда?
– Қазір көресің.
– Өтірігіңе болайын...
– .....
Есен Есетті сүйрегендей қылып, қақтың суы жиналған жерге алып келді. Расында да, бақалар тырбаңдап өріп жүр. 
– Білгіш болсаң, айтшы, кәне, мына бақалар қайдан келді? 
– Қазір, – деді Есет желкесін бір сипап қойып. Бірақ, ештеңе айта алмады. Ойланған боп төмен қарап тұра берді.
Әсілі, бақалар жаз айларында күндіз тас-тастың арасында, қуыс-қуыста күннің көзі түспейтін жерде жасырынып жатып, түнде ғана жем аулауға шығатын. Олай ететін себебі, аптап ыстық денесіндегі ылғалды кептіріп жіберсе, өліп қалатын. 
– Осы тұрғанда бұлар неғып жүр, білесің бе? – деді Есен шыдамы таусылып.
– Білмеймін, – деді Есет ақыры шынын айтып.
– Онда біліп ал. Бұлар жаңа жаңбыр жауған ылғал, дымқыл уақытта  бойына су сіңіру үшін сыртқа шыққан. Қақ құрғаса, зым-зия жоғалып, біреуін де таппай қаласың.
– Рас, мен бұл жермен күнде өтем, ешқашан бақа көрмеппін.
– Оның сыры, міне, осылай, досым, – деп Есен Есеттің иығынан қағып.
– Сен бәрін білесің, ә!.. – деді Есет таңданып.
– Айналаңа зер салып жүрсең, сен де көп нәрсені білетін боласың. Табиғат том-том кітап қой, оны оқып тауысу мүмкін емес. Бірақ, ықтиятты болсаң, үйренерің мол.
– Онда мен саған шәкірт болайын, маған үйретші.
– Жақсы. Табиғат-ұстаз маған үйретуден жаңылмаса, мен де сені құр қол қоймаспын. Бірақ, бір шартым бар.
– Қандай?
– Қандай жағдайда да мені тыңдауың керек.
– Болды. Келістім.
– Онда сені шәкірт ретінде қабылдадым.
Екі дос қақтың басында мәз болып, қол алысты.

Жамбыл облысы
 

1421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №8

15 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы