- БАЛДЫРҒАН
- 15 Тамыз, 2024
Қазақтың көрнекті ақыны Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА 80 жаста
Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында – әдеби қызметкер, «Қазақфильм» киностудиясында редактор болды. «Жазушы» баспасының аударма редакциясын басқарды. Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры қызметін атқарды. Ол кісінің «Өрімтал» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1966 жылы жарық көрген. Содан бері «Наз», «Ақ қанат», «Жайық қызы», «Бақыт әні», «Сүмбіле» сынды көптеген кітаптың авторы атанды. Көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Әлем таныған А.Ахматова, С.Капутикян, В.Тушнова сияқты ақындардың шығармаларын ана тілімізде сөйлетті. «Қазақ поэзиясының ақ шағаласы» атанған Ақұштап апамызды мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, балаларға арналған бір топ өлеңін «Балдырған» оқырмандырының назарына ұсынуды жөн көрдік.
ГҮЛІҢНІҢ, АПА, АЛ ГҮЛІН
Асыға күтіп жүргенмін,
Болар деп қашан мейрамың.
Суретін салдым гүлдердің,
Келеді соны сыйлағым.
Мейірің мол-ақ бір маған,
Ер жетер әлі-ақ балғының.
Әзірше сыйға арнаған
Гүліңнің, апа, ал гүлін!
МҰҒАЛІМ АПАЙ
– Көп ойлап отырма,
Ауылға қадірлі
Кім, атын атай ғой?
– Әліппе оқуға
Үйреткен әр күні
Мұғалім апай ғой.
– Анадай аяулы,
Мәпелеп өсірген
Кім, атын атай ғой?
– Үйретіп санауды,
Есепке төселткен
Мұғалім апай ғой.
АНАҒА СЫЙЛАЙМЫЗ
Көктемде көңілді
Құстар кеп жатқанда,
Құлпыртып өңірді,
Гүл ектік бақтарға.
Гүл ектік аулаға,
Көктемде көңілді.
Бақта да, бауда да
Ақ гүлдер өрілді.
Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден
Анаға сыйлаймыз.
ҚҰСТАРДЫҢ ДОСЫМЫЗ
Біз қамқоршы баламыз,
Құстарға ұя саламыз.
Жем-су беріп жаз бойы
Балапанын бағамыз.
Күзде салқын даламыз,
Қыста құссыз қаламыз.
Көктем келсе оларды
Қайта қарсы аламыз.
МЕН – ҚАҢТАРМЫН
Мұз айдынын жасадым
Көл-өзендерге.
Ою-өрнек басамын
Терезелерге.
Жасыл шырша желегін
Оранамын да,
Жұпар шашып келемін
Араларыңа.
Ақ шаналы көлікпен
Көшіп барамын.
Аяз Ата болып мен
Есік қағамын.
5712 рет
көрсетілді0
пікір