• БАЛДЫРҒАН
  • 15 Тамыз, 2024

Бозторғай

Бердалы РЫСБЕКОВ

 

(әңгіме)
 

Шілде айының соңы. Күн енді ғана көтеріліп келе жатқан шақ. 
Екі немересін ерткен Ақай қарт есек арбамен қырға шөп шабуға шықты. 
Биыл өте бітік шыққан дала шөбінің хош иісі мұрын жарады. 
Кенет жер бауырлап, шырылдап тұрған бозторғай үні арбадағыларды елең еткізді. 
– Ата, ананы қараңыз... Бозторғайды жылан арбап тұр, – деді немересінің үлкені Ерік бозторғай жақты нұсқап.
– Әне, әне! Жылан бері қарай жылжып келеді. Жоғары қарай шапшып-шапшып қояды, ата! – деді кіші немересі Серік те ағасын қоштап.
Ақай қарт делбені тартып, арбаны тоқтатты. Үшеуі жылан мен бозторғайдың арбасуын тамашалап біраз тұрды. Аздан соң шыр-пыр болған кішкентай құс бірте-бірте ұзай берді. 
– Ата, жыландар бозторғайды қалай арбайды? – деп сұрады Серік атасынан.
– Жоқ, балам! Жаңа өздерің көрдіңдер, бозторғайды жылан арбаған жоқ, қайта бозторғай жыланды арбап, ұясынан алысқа алып кетпек болды. Осы жақын маңда оның ұясы бар. Мүмкін, балапандары да бар шығар. Содан озбыр жыланды алысқа алып кетудің амалы ғой шырылдап жүргені. 
– Міне қызық! – деді Ерік ойланып. 
– Ата, ұяны тауып, бозторғайдың балапандарын көрейікші, – деді Серік.
– Көрсеңдер көріңдер, – деді Ақай қарт. – Бірақ, тиіспейсіңдер. Көп тұрмай, жүріп кетеміз. Күн қатты ысып кетпей тұрып, үйге қайтуымыз керек.
Екі бала арбадан түсіп, ұяны іздей бастады. Көп өткен жоқ, ұя табылды. Бір шоқ қурай мен жантақ аралас қалыңға салған екен, бұзылмай бүтін күйінде жатыпты.
– Таптық, ата! Ұяда бес жұмыртқа бар екен, – деді Серік дауыстап.
– Жұмыртқаға тимеңдер! – деді атасы тағы да қадағалап. – Балапандарын әлі басып шығармаған ғой. Көріп болсаңдар, кәне, кетейік.
– Әне, көрдіңдер ме? – деді Ақай қарт ұзай бере. – Құс екеш құс та балапандарын жанын салып қорғайды. Сөйтіп жүріп, кейде өздерінің де жыланға жем болатын кездері аз болмайды. Ана байғұс әрқашан да осылай. Бала деп жанын отқа да, суға да салып жүреді. Сол ананың қадірін сендер де ұмытпауларың керек, құлындарым!
Ойланып қалған екі бала бастарын үнсіз изеп, бір-біріне қарады.   
 

1420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №8

15 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы