- БАЛДЫРҒАН
- 15 Тамыз, 2024
Тауыс пен торғай
(Тибет ертегісі)
Бір Торғай жазда шөп арасына ұя салып, төрт жұмыртқа туыпты. Мұны сол маңда жүрген Кесіртке көріп қалады. Бір күні ол азық іздеп кеткен Торғайдың бір жұмыртқасын ұрлап алады. Ертесі Торғай жұмыртқасын кім алғанын білу үшін сол маңда аңдиды.
Оны байқамаған Кесіртке оның тағы бір жұмыртқасын қағып кетпек болады. Бірақ алып жатқанда Торғай үстінен түседі.
– Мұның не, Кесіртке? Ала алмай жүрген қандай ақың бар менде? – дейді Торғай ренжіп.
Құлқынын ғана ойлайтын Кесіртке жауап қатпай, құйрығын бір кесіп тастап, тас арасына кіріп кетеді. Шарасыз қалған Торғай құс патшасы Тауысқа арыз айтуға барады.
– О, әсем патшам! Менің басымдағы қайғыны азайтуға пәрмен беріңіз! Екі жұмыртқамды ұрлаған Кесірткені жазалай көріңіз! – дейді.
Бәйтеректің басын сарай қылып, жүні құлпырған Тауыс:
– Сен, ақымақ Торғай, менің патшалықтың үлкен істері үшін бас қатырып отырғанымды көрмедің бе?! Түкке тұрмайтын нәрсеге бола мазамды алма! – деп Торғайға ақырады.
– Әсем патшам! Басымдағы қиындықты сізге айтпағанда, кімге айтам? Мендей әлсіздің арызын тыңдап, алдын алмасаңыз, ол алда үлкен қырсыққа айналады ғой, – дейді көңілі қалған Торғай.
Тауыс оның сөзіне елең етпей, салтанатты сарайында өз қауырсынына өзі таңданып қала береді.
Амалы таусылған Торғай қалған жұмыртқаларын қорғау үшін талдан садақ иіп, шыбықтан жебе жасап, ұясының маңында аңдып отырады. Бір кезде сумаңдай жеткен Кесірткені дәлдеп атады. Жебе көзіне тиген Кесіртке, ауырған жеріне су шашып басу үшін, өзен жаққа зытады. Көзі дұрыс көрмегендіктен, ол шатасып, жағада жатқан Арыстанның мұрнына кіріп кетеді. Шошыған Арыстан өзенге секіреді.
Өзенде жүзіп жүрген Ұлу қорыққаннан аспанға атылып, жағада тұрған бәйтерек басындағы Тауыстың ұясын бұзып, жалғыз жұмыртқасын жарып кетеді. Бұған қатты қайғырған Тауыс:
– Әй, Ұлу, сенің мекенің өзен емес пе?! Ағаш басында нең бар? Менің ұямды бұзып, бір жылда әрең бір туатын жұмыртқамды жардың ғой! – дейді зар еңіреп.
– Ей, құс патшасы Тауыс, мені кешір! Арыстаннан шошығаннан аспанға секіріп, осылай болып қалды, – дейді Ұлу.
Тауыс Арыстанға барады.
– Сенің ақымақтығыңнан мен жұмыртқамнан айырылдым! – дейді шағымданып.
Арыстан:
– Ол арада менің қандай кінәм бар! Жағада ұйықтап жатқанда, танауыма кіріп кеткен Кесірткеден сұра! – дейді.
– Әй, қаңғыбас Кесіртке! Сенің кесіріңнен мен жалғыз жұмыртқамнан айырылдым! – дейді Тауыс Кесірткеге барып.
Түк білмегендей сусылдаған Кесіртке:
– Онда менің қандай кінәм бар? Құм арасында қоңыз теріп жүргенде, сұм Торғай көзімді жебемен атып, содан қашам деп осылай болды. Торғайдан сұра! – дейді.
Қайғы мен ызадан қалтыраған Тауыс Торғайға келеді.
– Ей, сұмырай! Бәріне сен кінәлісің! Жалғыз жұмыртқамды құрттың ғой! – дейді налып.
Сонда үрейі ұшқан Торғай:
– Әсем патшам! Мен өзіңе барып, екі жұмыртқамнан айырылғанымды айттым ғой! Сонда «ұсақ-түйекке бола мазамды алма» деп ұрыстың... Кетерде «кішкене кеселді тыймасаңыз, ол үлкен қасіретке айналады» дедім. Міне, сол болды. Енді кімді жазғырасың? – дейді дір-дір етіп.
Өзін ақылды есептейтін Тауыс сонда барып бар кеселдің өзінде екенін біліп, үн қата алмай, сарайына қарай ұша жөнеледі.
Тибет тілінен аударған
Абай МАУҚАРАҰЛЫ
1401 рет
көрсетілді0
пікір