• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Шілде, 2024

Бақтағы әңгіме

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Тентек тамшы Алматының жауынын пайдаланып, жапырақтан жапыраққа секіріп, алып-ұшып жүрді. Қашанда көңілді ол бүгін де шат-шадыман еді. Алдағы бір балғын жапырақтан секіре бергені сол еді:
– Байқасаңшы, – деді балаң Жапырақ қыртиып. 
– Апыр-ай, сен де сөйлей алушы ма едің? – деді Тамшы таңданып.
– Жалғыз адам ғана сөйлейді деп пе едің? 
– Кешір! – деді тентек Тамшы тағы бір секіріп. Сол сәт ол алма ағашының ерке гүлін байқамай қағып кетті. 
– Қайтеді-ей, мынау? Үндемеген сайын басымызға шықты ғой, – деді ерке Гүл шамданып. 
– Байқамай қалдым, айып етпе! – деді Тамшы. 
– Сонша асығып қайда барасың? – деді сол аралықта балаң Жапырақ.
– Анау қолшатырға жасырынған әке мен қызға кетіп барам. Әңгімелері қызық екен. Қызы Іңкәрім қашан көрсең: «Анау не, мынау не?» – деп әкесінің миын ашытып жүргені. Сол сұрағандарының ішінен мені де білгісі келер деп жандарына бара жатырмын. 
– Онда бірге құлақ түрейік. Мүмкін, біз туралы да бігісі келетін болар? – деді Жапырақ пен Гүл жарыса елең етіп. 
Сабақтарын еңкейтіп, тыңдай қалысты. 
Шашын желкесіне түйіп алған қыз сұрақтарын жаудырып барады. 
– Әке, жапырақтарды жасыл түске бояған кім?
– Көктем келгенде дүние солай жасыл түске енеді. 
– Ал аспанда жүзіп жүрген аппақ кеме ме?
– Жоқ, ол – бұлт.   
– Көктегі үлкен шамды кім өшіріп-жағады? 
– Ол – күн. Шығыстан шығып, батысқа барып батады. 
– Әке, құлағымда шыбын бар секілді... 
– Жоқ, ол шыбын емес, көшедегі көліктің шуылы. 
Кенет маңайға үнсіздік орнады. Қызының сұрағы «біткен шығар» деп әкесінің терең демалғаны сол еді, Іңкәрім сұрағын қайта жалғады.
– Әкешім, анау не? 
– Қайсы? Е, ол – құстың ұясы.  
– Ал мынау ше? 
– Ол алма ағашының гүлі. 
Осы кезде оны бақылап тұрған ерке Гүл желпініп қоя берді. 
– Ол мені сұрап жатыр! 
– Ал анау ше?
– Ол – жапырақ. 
– Мені де сұрады! – деді балаң Жапырақ алақайлап. 
– Ал анау алыста тұрған не нәрсе? 
– Ол – Көктөбедегі телемұнара.  
– Ол мені сұрамады ғой, – деді тентек Тамшы бұртиып. 
Бір сәт күтті де, тағат таппай келесі жапыраққа секірді.  
– Қазір айтатын шығар, сәл шыдасаңшы, – деді Алма гүлі. 
– Ол сендерді ғана сұрады, – деді қайта қайрылған Тамшы, мүмкін айтып қалар деген үмітпен. 
Кенет қолшатырдан басын шығарған Іңкәрім тентек Тамшыға қарап: 
– Сен қайда кетіп барасың? Сені сұрайын деп жатырмын ғой, – деді күліп. 
– Сен біздің тілді түсінесің бе? – деді тентек Тамшы қайран қалып.
– Түсінем. Манадан бері былдырлап сөйлеп жатырсыңдар ғой, – деді Іңкәрім. 
Үшеуі ұялып қалды. 
– Қызым, кіммен сөйлесіп жатырсың? – деді әкесі қызықтап.
– Әке, анау не? Сонымен сөйлесіп жатырмын, – деді қыз Тамшыны көрсетіп. 
– А, ол – жаңбыр тамшысы ғой. 
– Алақай, мені де айтты, – деді тентек Тамшы қуанып.   
– Айттым ғой саған, тағат қыл деп, – деді ерке Гүл.  
 – Сен табиғаттың тілін түсінесің бе? – деді әкесі қызына қарап. 
Қызы бас изеді. Көптен жасырған сыры ашылып қалғанына қуанарын да, ұяларын білмей дағдарып. 
– Пәлі! Бала күнімде табиғаттың тілін мен де түсінуші едім. Кейін ұмытып қалдым. 
– Есейгенде мен де ұмытып қаламын ба, әке? 
– Жоқ, табиғатқа жиі зер салып, тілдесіп жүрсең, ұмытпайсың. 
Қызы қуанып кетті. Енді ол басқа жаққа қарап, қолын созды. 
– Әке, анау не?.. 
 

6583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы