• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Шілде, 2024

Қарлығаш

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ

Аружан жаз шыға салысымен үй маңына ұя салған қос қарлығашты жіті бақылауды бастады. Өйткені, «Дүниетану» сабағында оны «өте еңбекқор құс» деп оқыған болатын. Соған көзін анық жеткізгісі келіп, іске дайындықпен кірісті.
Айтса айтқандай, қарлығаш нағыз еңбекші құс екен. Ұя салғанының өзі бір ғажап оқиға! Басқа құстар сияқты балапан басар жерін шөптен, не майда шыбықтардан жасай салмай, құдды адамдар сияқты балшықтан илеп, сабан араластырып, арасына қыл салып, дөңгелентіп, әдемілеп қалап шығады екен. Соған куә болып, қайран қалды. 
Қос қарлығаш ауызбіршілікпен бастаған тірліктерін, тынымсыз еңбектеніп, бір-біріне сәйкесе әрекет ете отырып, бір күні ойдағыдай аяқтады. Аналығы ұяға төрт жұмыртқа туды.  
Олардың ішке кіріп шыққан қимылы да өте қызық еді. Сондай сақ, қырағы болатын. Ұшып келіп алдымен ұзын электр сымына қонады. Сонда отырып, жан-жағын мұқият шолады. Сосын қораны екі-үш айналып шығып, қауіп сейілді-ау дегенде барып, көз ілеспес жылдамдықпен сып ете түседі. Түрлері де тым сүйкімді, әрі тартымды. 
Байқауынша, бұл құс еңбекқор ғана емес, өте мейірімді, қамқор ата-ана екен. Екеуі ұяда кезек-кезек жатып, балапан басты. Артынан азық тасып, балапандарын тамақтандырды. Тапқанын балаларының аузына тосады. Ал балапандары болса, анасы келген бойда ауыздарын ашып, жем күтеді. Шиқ-шиқ етіп, «маған бер, маған бер» деп таласып жатқан сияқты. Ана деген бар баласын бірдей жақсы көреді ғой, қарлығаштар тапқан тамақтарын барлық балапанына тең етіп бөліп берді. 
Бір күні Аружан сүйікті құстарын қолмен ұстап көрмекші болды. Ойын жүзеге асыру үшін ол әуелі қораға кіріп, жасырынып отырды. Бір қарлығаш еніп, балапандарының аузына жем салып жатқанда, есікті іштен жаба қойды.
Қарлығаш бірден пыр етіп сыртқа ұмтылды. Келіп, босағаға соғылып, жерге құлап түсті. Сол аралықта Аружан оны шап беріп ұстай алды. 
Не деген кішкентай құс! Не болғанын түсінбегендей екі көзі жәутеңдеп қарай береді. Шамасы қатты шошып қалған болса керек, кеудесі дүрсілдеп соғып тұр. 
Уысында дір-дір еткен құсты Аружан аяп кетті. Іле қораның есігін ашып, қоя бере салды.
Артынан қарап тұрып, «енді қайтып келмейтін шығар» деп ойлап еді, бекер алаңдаған екен. Қарлығаш кешікпей қайтып келді. Балапандарын тастап ешқайда кетпейтін сияқты. 
Аружан өз қылығына қатты өкінді. «Енді бұлай істемеймін» деп өзіне және қарлығашқа уәде берді. 
Бірақ ол өзінің сүйікті құсының тірлігін жасырын бақылап, тамашалай берді. Бұл әрекеті оның ақ бауыр құсты терең тануына көп мүмкіндік берді. 

Тараз қаласы
 

3051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы