- БАЛДЫРҒАН
- 31 Шілде, 2024
Қызыл аттестатты кім алады?
Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ
Есеннің көзіне ағасының иығындағы қызыл лента оттай басылды. Ені бір қарыс келетін жалпақ қиықтың жиектері мен етегі алтын түстес шашақтармен әсемделіпті. Орта тұсындағы «Жас түлек – 2024» деген сары жазу күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді.
– Досан аға, қызыл лентаны неге киімнің сыртынан тағып алғансыз? – деп сұрады інісі сыныптастарынан бөлініп, үйге қарай беттеген ағасының артынан қуып жетіп.
– Мен 11-сыныпты бітірдім. Мынау – соның белгісі. Енді мектепке бармаймын, – деді ағасы лентаның жайын түсіндіріп.
– Енді оқымайсыз ба?
– Оқымаймын
Ағасының «оқымаймын» деген сөзі екінші сыныпты бітірген Есеннің құлағына майдай жақты.
– Онда маған тағып беріңізші, – деді қызығып.
Сөзге келген жоқ, ағасы иығындағы лентаны шешіп, інісіне асып берді. Қолындағы аттестатын қоса ұстатты.
Үйге келген соң айна алдына барып, үңіле қараған Есен өзін мектеп бітіргендей сезінді.
– Болды, бұл енді менікі! Сізге бермеймін, – деді артында қылығына күле қарап тұрған ағасының алдынан айнала бере, есікке қарай ұмтылып.
– Әй, тоқта, – деді ағасы ілесе тұра қуған болып.
Есен тоқтамады.
Жүгірген бойы сыртта жүрген анасына барып:
– Анашым, мен мектеп бітірдім. Ағам сияқты мен де енді оқымаймын. Набат әпкейге қоңырау шалып, «мені мектепке бармайды, аттестат алып қойды» деп айтыңыз, – деді.
Набат мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, анасының жақын құрбысы болатын.
– Олай бола ма екен, құлыным? – деді анасы таңданып. – Ол сенікі емес қой.
«Ағасы сияқты иығына лента тағып, қолына аттестат ұстаса болды, оқымауға болады» деп ойлаған Есен:
– Анашым, мына аттестат менікі бола берсінші. Набат әпкейге айтып, осыны маған жаздырып беріңіз. Сонымен болды, ағам сияқты мен де оқымаймын, – деді өтініп.
– Біреудің құжатын рұқсатсыз иемденуге болмайды. Оның ішінде сенің аты-жөнің жоқ, – деді анасы түсіндіріп.
– Бола берсін, онда тұрған не бар? – деді Есен аттестатты ашып жатып. – Жаңа бір қыздың қолынан осының қызылын көргем. Қызыл аттестатты кімге береді?
Баласының аңғарымпаздығына сүйінген анасы:
– Көкті нашар оқығандарға береді. Ал қызылды кілең бес алғандар ғана алады, – деді езу тартып.
– Досан ағамның бағаларын санап шықтым. Бес үші бар екен. Яғни, ол нашар оқыған ғой? – деді Есен сәлден кейін басын көтеріп.
«Енді түсіндің бе?» дегендей анасы басын изеді.
– Ой, онда мұның маған керегі жоқ. Мен үштік баға алмаймын. Ағамдай болған кезде қызыл аттестат алам. Болды, Набат әпкейге айтпай-ақ қойыңыз, – деді Есен ақыры сөзінен айнып.
– Солай еткенің дұрыс, балам. Өзің жақсы оқып, кейін қызыл аттестат алмайсың ба, мұны не қыласың, – деді анасы ақылды баланың өр талабын құп көріп.
4927 рет
көрсетілді0
пікір