- БАЛДЫРҒАН
- 31 Шілде, 2024
Үш жасар Рабияның қызықтары
Рәбия Сұңғатқызы – Астана қаласының тұрғыны. «Алпамыс» балабақшасының «Батыр» тобына барады. Ол – үйдегі бесінші бала. Әпкелері мен ағасына қатты еркелейді. Ал соңғы кездері оларды тіпті «тәртіпке» салып қоярлықтай ақылды болып кетті. Рәбия кішкентай болса да «Балдырған» журналын жаздыртып алады. Әсіресе сүйікті басылымындағы комикстер мен әзіл өлеңдер оған қатты ұнайды. Ал ертегілер мен әңгімелерді анасына оқытып болған соң, оның мән-мағынасын айқындап, тәптіштеп ұзақ отыратыны бар. Бүгін Рәбияның анасының да кезінде сүйікті журналы болған «Балдырғанға» оның қызықты оқиғаларын жариялауды жөн санадық.
Рәбияның үлкен әпкесі «Білім-Инновация» мектебінде оқиды. Ал ағасы – «Назарбаев зияткерлік мектебінің» оқушысы.
Анасы Рәбиядан бір күні былай деп сұрады:
– Рәбия, сен өскенде КТЛ-ға түсесің бе, әлде НИШ-қа түсесің бе? Айтшы?
– Мен... Душқа түсемін! – деді Рәбия.
* * *
Анасы Рәбия отырған бөлмеге кенеттен кіріп келді.
Рәбия:
– Өй, анашым! Шошып кеттім ғой! Шошымашы! – деді.
Анасы:
– Не дейсің?.. – деді түсінбей.
– Өй, шошып кеттім ғой, ШОШЫТПАШЫ дегенім ғо-о-й... – деді өз сөзіне өзі ұялыңқырап қалған Рәбия.
* * *
Рәбия анасымен таксиде отыр. Балабақшадан қайтып келе жатқан беті. Екеуі терезеден сыртқа қарап қояды. Көлік жанармай бекетінің жанынан өткен кезде Рәбия:
– Анашым, ана көліктер не үшін кезек күтіп тұр, білесің бе? Сорпа ішу үшін. Осы жерден оларға сорпа құйып береді. Әйтпесе олар қарны ашып, жүре алмай қалады! – деді білгішсінген түр жасап.
* * *
Рәбия үнемі бір ойындар мен қойылымдар ойластырып, кім не істейтініне «сценарий құрастырып» жүреді.
– Қанекей, балалар! «Ханшайым» ойынын ойнайық! – деді ол әпке-ағасына. – Мен ханшайым боламын, ал сендер адам боласыңдар!
– Ааа... Солай ма? Сен қашаннан бері ханшайымсың, өзі, Рәбия? – деді әпкесі.
– Әй, ханшайымға ондай сұрақ қоймайды! – деді Рәбия саспастан.
Алма Сайлауқызы
Астана қаласы
3398 рет
көрсетілді0
пікір