• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Мамыр, 2024

Ерлер мінген арғымақ

ТАЙБУРЫЛ

 

Ерте-ерте, ертеде 
Қобыланды батыр бала еді.
Тақымында тебінген
Бурыл тайы бар еді.

Ер жүрек боп ержетті,
Ел қорғады сол бала.
Тайбурылмен тап берді,
Жау шапқанда ордаға.

Қобыланды мен Тайбурыл,
Даңқы көктен ары асқан.
Жырға айналды ерлігі,
Қорған болған Алашқа.
 

 

БАЙШҰБАР

 

Күн артынан күн шығар,
Ай артынан ай шығар,
Кең далада кісінеп,
Шапқылайды Байшұбар.

Үстіндегі Алпамыс,
Алаш білген алты арыс.
Жауға шапса азуы –
Алты қарыс жолбарыс.

Алпамыс пен Байшұбар,
Бес қаруы сай шығар.
Батыр мінсе, тұлпары
Қос құлағын қайшылар.

 

КӨКБАЛАҚ

 

Қалың Жоңғар көп Қазақты,
Тосын шауып, отқа орапты.
Сонда Абылай көп ішінен,
Таңдап мінген Көкбалақты.

Жеткізбеген атқан оққа,
Жүйрік жетпес Көкбалаққа.
Алмас қылыш Абылайдай,
Ерге біткен қос қанатқа!

Ер-тұрманын сай қылып тең,
Жүрген дейді сәйгүлікпен.
«Көкбалақ» деп күй қалыпты,
Аңыз баба Байжігіттен.

 

ҚУБАС АТ

 

Қубас мінген Қабанбайды,
Көргенде жау алаңдайды.
Қаптап келген қалың Жоңғар,
Маңына да бара алмайды.

Жорықтарда жүріп тағы,
Кесапатты құрықтады.
Жетпісінде жау қайтарған,
Қубас атпен қырықтағы.

Ерін алмай Қубас аттан,
Жауға қарсы тура шапқан.
Әруақты батыр баба,
Рухы жебеп мың жасатқан.
 

5966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы