• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Мамыр, 2024

Ашық сабақ

Өтебай СЕРӘЛІ  

«Балбөбек» балабақшасы. 
Әсел апай балаларды жаңа отырғызып болған кезде сырттан бірнеше адам кірді. Келгендер Нұрбибі, Ақжол және Қайраттың аналары екен. Қастарында зауыш апай бар. Бәрі жақын жердегі мектептің мұғалімдері. 
– Ал, балалар, апайлармен амандасамыз, – деді Әсел апай. 
– Сәлеметсіздер ме? – деді балалар бірден жамырап. 
– Сәлеметсіздер ме? – деді келгендер. Іле балаларға отыра беріңдер дегендей ишара жасап, өздері арт жаққа өтіп, сондағы парталарға жайғасты. 
– Балалар, біздің бүгінгі сабағымызға апайлар қатысып отыр. Олар сендердің білім деңгейлеріңді байқауы керек. Сондықтан сұраған кезде білетіндеріңді айтып отырыңдар. Жарай ма? – деді Әсел апай сөзін ары жалғастырып. – Қазір біз «Үй жануарлары» деген сабақ өтеміз. Алдымен сұрайын, сендер қандай үй жануарларын білесіңдер? 
– Қой, – деді бір бала. 
– Сиыр, – деді екіншісі. 
– Ешкі, – деді үшіншісі. 
– Жылқы, – деді тағы біреуі. 
– Біздің үйде ат бар, – деді Қайрат артынан. 
– Менің мысығым бар, – деді Ақжол.
– Менің күшігім бар, аты Ақтөс – деді Данияр. 
– Ал мынау не? – деді Әсел апай осы кезде тақтаға сурет жапсырып. 
– Түйе, – деді алдыда отырған бала.
– Қасында тұрған бота, – деді Нұрбибі.
– Дұрыс. Бұлар түйе және оның ботасы.  Одан не алуға болады? 
Балалар үндемей қалды. 
– Менің әжем түйені сауады, – деді Нұрбибі сәлден соң. 
– Түйенің сүтінен не жасауға болады?
– Шұбат! – деді балалар шу етіп. 
Әсем апай енді магнитті тақтаға басқа сурет жапсырды. 
– Ал, мынау не?
– Сиыр, сиыр, сиыр, – деді балалар тұс-тұстан. 
– Қасында бұзауы бар, – деді соңынан тіл қатқан біреуі. 
– Үйде менің бұзауым бар. 
– Менің де бұзауым бар. 
Енді Әсел апай тақтаға қозылы қойдың суретін жапсырды. 
– Бұл қой мен қозы, – деді Қайрат. 
– Сенің үйіңде қой бар ма?
– Бар. Менің аппақ қошақаным бар. 
– Менің де қозым бар еді. Қонақ келгенде, оны сойып тастады, – деді Аруназ бұртиып. 
    – Қойдың жүнінен не жасауға болады? – деді Әсел апай кім не айтар екен дегендей балаларға жағалата қарап. 
– Қойдың жүнін қырқады. Сосын одан киіз жасайды, – деді бір бала.
– Дұрыс. Одан тағы көрпе жасауға болады. 
Осыны айтқан Әсел апай тақтаға бұрылып, құлынды биенің суретін жабыстырды. 
– Мынау не, балалар? 
– Бұл жылқы. Қасында құлыны бар, – деді бір бала. 
– Жоқ, ол – ат. 
– Ол ат емес. Бие. Аттың құлыны болмайды, – деді бір бала. 
Артта отырған апайлар ду күлді. 
– Ал, онда, балалар, жылқыны қалай пайдаланады? 
– Оны ерттеп мінеді, – деді бір бала.
– Онымен арба сүйретеді, – деді екіншісі. 
– Дұрыс, жылқыны көбінде көлік ретінде пайдаланады, – деді апай оларды қоштап. – Сонымен бірге оның қымызын ішіп, етін жейді. Біздің бұрынғы ата-бабаларымыз жылқыны өздеріне сенімді серік санаған. Себебі, олар жылқы мініп, ел қорғаған, жауларға қарсы күрескен. Жылқы сүтінің емдік қасиеті өте жоғары екені бүгін анық дәлелденді. Ал осымен ашық сабақ аяқтады. Сұрақтарға белсенді жауап бергендерің үшін бәріңе алғыс айтамын!
«Балалар талай нәрсені біледі екен» десті арт жақтағы апайлар шығып бара жатқанда.
 

1402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы