• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Мамыр, 2024

Қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл

Сағи Жиенбаев аталарың 1934 жылы 5 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 
1955 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітіріп, Жезқазған кенішінде мұғалім болып істеген. Сол кездері өлеңдері республикалық баспасөзде жариялана бастайды. 
Ол кісі «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» (кейінгі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында қызмет істеді. Көп жылдар бойы «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарды. 
Ақын аталарың «Қарлығаш», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Ор киік», «Жадымдасың, жас күнім» сынды жыр жинақтарын жарыққа шығарды. Өлеңдері шет тілдеріне аударылды.
Өзі де аудармамен айналысты. А.Пушкин, М.Лермонтов,О.Туманян, В.Брюсов, Р.Ғамзатов сынды ақындардың өлеңдерін қазақша сөйлетті. Сағи аталарың балаларға арнап та көптеген өлеңдер жазған. Бүгін біз солардың бірнешеуін назарларыңа ұсынуды жөн көрдік.

 

 

ӘЙӘЙ БАЛА

 

Әйәй бала әрдайым
Ана тілін алады,
Төсекті өзі салады,
Тыныш ұйықтап қалады.

Әйәй бала таңертең
Айна алдына барады.
Шашын тарап алады,
Әйәй бола қалады.

 

САЯХАТ

 

Құшақ жайды бар алап,
Қуанышқа бөлендік.
Туған жерді аралап,
Тамашаға кенелдік.

Ақ орамал жамылған
Асқар шыңға өрледік.
Асқақтата салдық ән,
Айдын көлде тербеліп.

Кездестік біз ерлермен
Көл орнатқан далаға,
Өзендерді бөгеген
Өңкей күшті ағаға.

Біз солардай боламыз,
Біз сүйеміз өмірді.
Көп-көп білім аламыз,
Көркейтеміз өңірді.

 

ОЙНАР ЕДІМ

 

Ойнар едім күнімен,
Ойнар едім түнімен,

Құлдыр-құлдыр құлынмен,
Ұзын мұрын піліммен,

Салпаң құлақ күшікпен,
Сақалы жоқ мысықпен,

Тікенекті кірпімен,
Тілі сүйрік түлкімен,

Тағы, тағы, тағы мен
Ойнар едім бәрімен.

Ойнар едім күнімен,
Ойнар едім түнімен.

Апам маған әрдайым:
«Көп ойнама сен», – дейді.

Өзімнің де апамды
Мазалағым келмейді.
 

 

ЖАУҚАЗЫННЫҢ ЖАУАБЫ

 

– Жауқазын-ау, жарқырап,
Көгерген жоқ әлі бау.
Тоңасың ғой қалтырап,
Неге асықтың, жаным-ау?

– Елемеймін ызғарды,
Ерте келдім өмірге.
Жарып шықтым мұз-қарды,
Жер – Анамды көруге.

 

ТҮСІМДЕ

 

Бір күні әкеп, ақ анам
Сыйлады бір ат маған:
Ешкім іздеп таппаған,
Ешкім мініп шаппаған.

Қолыма бір түсті де
Құстай ұшар арғымақ,
Арғымақтың үстіне
Мініп алдым қарғып-ақ.

Арғымағым сол бойда
Ұшты зырлап қыр жаққа,
Қалың орман-тоғайлар
Қалып жатты бір жақта.

Асқар таулар шықты алдан
Аспанменен таласып...
Сонау-сонау бұлттардан
Кетер едім әрі асып...

Кетер едім әрі асып,
Арғымақпен көсіле,
Осы кезде анашым
Түсіп кетті есіме.

Қалмады енді төзім де,
Жетіп келдім үш аттап...
Жатыр екем өзім де
Анашымды құшақтап.
 

 

ЖАЗДА

 

Көлім, көлім, көлім деп,
Қаз да келді маймаңдап.
«Шомыл, шомыл, шомыл» деп,
Жаз да келді жайраңдап.

«Тыру, тыру, тыру» деп,
Келді ұшып тырналар.
«Құру, құру, құру» деп,
Жүр жылқышы ағалар.

Өзен-көлдің жағасы
Гүлмен ою ойғандай.
Тырналарға қарашы,
Жіпке тізіп қойғандай.

Ал жүріңдер, балалар,
Қырға шығып көрейік.
Қызғалдақты терейік,
Құшақтап ап келейік.

 

БҰЗАУҚАН

 

Жылы жерде балбырап,
Жан-жағыңа жаудырап,
Жатамысың, әукешім,
Жалғыз өзің маужырап.

Тұрмаймысың, батырым,
Жетпей ме әлде батылың.
Жердің қандай екенін
Білмеймісің ақырын.

Қалыпсың ғой жетіліп,
Табан тіреп, бекініп.
Қатты ма, әлде жұмсақ па,
Көрші, кәне, секіріп.

Айналаңды шолып көр,
Қалай екен, желіп көр.
Содан кейін енеңді
Өзің барып еміп көр.

Сонда бәрін білерсің,
Жайнарсың да түлерсің.
Қанша қусам, ұстатпай,
Қашқалақтап жүрерсің...

1440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы