- Әңгіме
- 31 Мамыр, 2024
Мұқаттың ерлігі

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ
(Әңгіме)
Ауылдан алыс айдала. Бас-аяғы көрінбейтін ен жазық.
Шалғын жапқан өрісте қалың қой жайылып жүр. Гүлдердің хош иісі мұрын жарады.
Күн ыстық. Алтын шар тас төбеден аумай, шақшиып аңқа кептіреді.
Бүгін қой бағу кезегіне шыққан Мұқат елегізіп жан-жағына қарайды.
Көп өтпей күн бұзылып, батыстан жел соға бастады. Аздан соң тіпті үдей түсті. Алқаптағы шилер жел екпініне бастарын иіп, мазалары кетті. Бір сәттен кейін әлдеқайдан ескі газет, жыртық қағаз, резеңке шар, жүн-жұрқа, жұқа шүберектер қалбаңдап ұшып келе бастады.
Бір кезде қойшы Мұқаттың құлағына:
– Ойбай, ағайындар, тез қорғаныңдар! Апат жақындап қалды! – деген дауыс келді. Бажайлап қараса, туысқандарын сақтандырған түймедақ гүлі екен.
– Қоқыс! – дейді шырылдап. Қорыққаннан көз жасы ыршып кетті.
Оның аттанын естіген гүл біткен үрейленіп, безек қақты.
Көктен жауған қоқыстар аздан соң жасыл алқапты жаулап алды. Астында қалған гүлдер ауа жетпей тұншыға бастады.
Олардың көмек сұраған аянышты дауыстарын Мұқат ап-анық естіді.
– Бізді құтқара көріңдер, тұншығып барамыз! Бұл құбыжықтардың иісі де тым жағымсыз екен!
Гүлдер шулай берді.
Мұқат шыдай алмады. Бірден батылданып кетті. Таяғын ала салып, гүлдерге көмекке ұмтылды. Қолындағы таяқпен жасыл желекке жабысқан қоқыс қалдықтарын іліп алып, жан-жаққа лақтыра берді. Кейбірін бас-көз демей сабады. Аздан соң қатты соққыдан естері шыққан қоқыстар ұрмауын өтініп, жалына бастады. Шырылдаған үнді естіген өзге қоқыстар да гүлдерді тастап, қаша жөнелді.
– Бұл жерден кетіңдер! – деді Мұқат кіжініп. – Әйтпесе, бұдан зорын көресіңдер!
Оларға көмектесе қояр ешкім жоқ еді. Ойранды әбден салармыз деген армандары орындалмады. Қайта бастары түте-түте болып әрең құтылды.
Естерін әрең жиған гүлдер аман қалғандарына қатты қуанды. Манадан бері көрінбей кеткен инелік, көбелектер де емін-еркін ұша бастады.
– Ой, көсегең көгергір адам баласы, арманыңа жет! – деді гүлдер Мұқатқа алғыс жаудырып.
– Рақмет! Батыр екенсің, үлкен ерлік жасадың! – деді қызғалдақ шаттанып.
– Бақытты бол, жеткіншек! – деді сарғалдақ пен інжугүл иіліп.
Бұл сөздерді Мұқат естіген жоқ, ұзап кеткен қойларын қуып жетуге асығып, жүгіре жөнелді. Қойларын қайырып, шолып шыққан соң, барлығы аман екеніне көзі жетіп, жүрегі орнына түсті. Көк шалғынға отыра кетті. Маңайдан жас жусанның иісі аңқып танауын жарды. Төбеде бозторғайлар шырылдап, айналаны шаттыққа бөледі. Көбелектер көлбеңдеп ұшып жүр.
Мұқат ұзамай қойнындағы кітабын алып, келген жерін тауып оқи бастады.
Талдықорған қаласы

4127 рет
көрсетілді0
пікір