- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қаңтар, 2024
Телефон жұтқан қыз
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ
Іңкәрдің қолына телефон тисе, оны алу қиын. Алғашында әке-шешесі қонақ барда жыламасын деп бере салыпты. Сол бойы үйреніп, әдеттеніп алған. Енді қойдыра алмай әлек.
Анасы бірде әпкесі Інжуді көмекке шақырды. Ол күндіз сыртқа шығып, сырғанақ теуіп ойнайтын.
– Сіңліңді бір уақ қасыңа шақырсаңшы, – деді оған өтініш жасап.
Сыртқа шыққан Інжу:
– Іңкәр, бері кел, далада ойнаймыз, – деді оны шақырып.
Бірақ Іңкәр тырс етпеді. Телефон ойнап отыра берді. Аздан соң ол анасының қасына келді.
– Анашым, маған Маша қойып берші, Настя көрем, – деді қыңқылдап.
Тым болмаса қазақша көрсін деп, анасы қазақша мультфильм қойып берді.
– Жоқ. Ол қызық емес, – деді Іңкәр басын шайқап, – Маған Настя, Маша керек.
Смартфонды алған Іңкәр төсекке барып қисайды. Экранға үңіліп аз отырған соң, оны смартфон жұтып қойды. Алғашында шошып кеткен ол:
– Қайда тап болдым? – деп, жан-жағына қарады.
Бақса, Машаның әлемі екен. Кәдімгі майлы бояулы сурет тұнған көркем мекен. Маша жүр қоңыр аюды тырқырата қуып. Қарағай арасынан қылтиып аюдың күркесі көрінеді. Ал тиін, қояндар:
– Бейтаныс біреу келді! – деп дабыл қағып, қашып барады.
Іңкәр қуалай жөнелді. Машадан асып түспесе, кем емес екен. Дөң үстіндегі қорқаулар мұны көріп, жасырына қалды. Не керек, аюдың үйіне барып, тосабына бармақ батырып, бал татты. Міне, қызық, Маша мен аю кіріп келді. Қабақтары қатулы. «Бізге бір бұзық та жетеді» дейтіндей.
Жақтырмаған соң, амал жоқ, порталды тастап, басқа сайтқа кірді: «Қошқар мен Теке». Сүйіп көретін мультфильмі еді, бірақ тым қысқа. Жатсынды білем, «Мә-ә-ә, – деп бақылдаған Теке. – Сен баланы қамқорлыққа алатындай жағдай жоқ», – деді басын алып қашып.
Қайтеді енді, онда да тұрақтаған жоқ. Желіні шулатып жүрген Настя қыздың еліне жетті. Ойнақ сап жүрген Настя мұны көріп, әкесін қызғанып қалды.
– Мен сені күнде көрем, – деді Іңкәр оған. – Ойындарың маған ұнайды.
– Ойнамаймын, – деді Настя жақтырмай.
Мұндағының бәрі экрандағыдай емес екен. Декорация, үй, ойындар – түгел жасанды. Көргендері ойдағыдай болмай, қапа болды. Кенет мультфильм мен ойын кейіпкерлері қаумалап, «біздің әлемнен шық» демесі бар ма. Іңкәр шошып кетіп, телефон ішінен сыртқа қарай секірді.
– Анашым, маған көмектес! Інжу, мен қателестім, далаға шығам! – деді зар илеп.
Сәті түскенде, Інжу сіңілісін іздеп үйге кірген болатын. Төсекке келсе, телефон бар, Іңкәр жоқ, қайран қалды. Іле «әпке, құтқар» деген әлсіз дауыс естілді. Жанып тұрған экран ішіне қараса, сіңілісі екен. Шошып кетті.
– Сен онда қайдан жүрсің? Айтпадым ба саған, телефонға көп телмірме деп, – деді зілсіз зекіп. Телефонды алып, сілкіп қалып еді, кереуетке топ еткен Іңкәр орнынан атып тұрды.
– Жүрші, далаға шығып ойнайық! – деді асығыс.
– Не боп қалды?
– Мені телефон жұтып қойды. Оның іші жасанды, шын әлемге ештеме жетпейді екен.
– Жүр онда, таза ауаға шығып, сырғанақ тебейік. Әкем айтқандай, сонда деніміз сау болып өсеміз.
Содан бері Іңкәр әпкесіне еріп сурет салып, кітап оқитын болды. Күніне бір мезгіл есік алдына шығып, таза ауада ойнайды. Ал смартфон болса, ата-анасының қажетіне ғана жарап жүр.
1655 рет
көрсетілді0
пікір