- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қаңтар, 2024
Ерлер мінген арғымақ

Ретбек МАҒАЗ
Ертегілер елінде,
Аңыздарда өрілген.
Ерлер мінген арғымақ,
Құйрық-жалы төгілген.
Тұлпар мініп ту алған,
Бабаң қызса ұранға,
Қаратамақ найзасын,
Намысына суарған.
Батыр – елдің көрігі,
Серттің тастай берігі.
Ел қорғаса,
Тұлпары –
Жан жолдасы, серігі.
ШАЛҚҰЙРЫҚ
Желдей есіп жал-құйрық,
Қырдан асса сан құйғып,
Қақ айырылған қара жер,
Шапқан кезде Шалқұйрық.
Үстіндегі Ертөстік,
Елге теңдік бер, Төстік!
Кездігіңді ал, Төстік,
Кенжекейге бар, Төстік…
Шалқұйрыққа тіл бітіп,
Шапқылайды құйғытып.
Табанының астынан,
Тау мен тасты сырғытып.
КЕРҚҰЛА
Жазылғанда кең құлашы
Кендебайдың Керқұласы
Қас қағымда келеді екен,
Бір күншілік жолды басып.
Құлынында құлан емген,
Жарысады құба желмен.
Кендебай ер дұшпан келсе,
Керқұла атпен шыға келген.
Кендебайдың Керқұласы
Шапса жүйрік, кең құлашы.
Есте сақта бүгінгі ұрпақ,
Ертегілер – ел мұрасы.
ҚАРАҚАСҚА
Сауыт киіп, жарақ асса,
Қамбар жауға араласса,
Төрт аяғын дара басқан,
Тақымында Қарақасқа.
Қарақасқа – арғымағы,
Жортқан жолын шаң қылады.
Кісінесе кең даланың,
Апай төсі жаңғырады.
Қорған болған бар Алашқа
Қамбар менен Қарақасқа.
Тұлпар мінген ер аманда,
Жағаңа кім жағаласпақ?!.
ТАРЛАН
Арғымағы – Тарланы,
Ақжүнісі – жан жары.
Есен сақтау ел-жұртын,
Ер Тарғынның арманы.
Тарғын атқа мінгенде,
Жауға қарсы жүргенде,
Қорған болған Тарланы,
Топ ішіне кіргенде.
Елім деген Ер Тарғын,
Қорамсаққа қол салғын.
Тарланымен тілдескен,
Жауға қарсы жортар күн.

1657 рет
көрсетілді0
пікір