- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қаңтар, 2024
Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл
Зейнел-Ғаби Иманбаев 1924 жылы 2 қаңтарда Солтүстiк Қазақстан облысының Преснов ауданына қарасты (қазіргі Шалақын ауданы) Ортақкөл ауылында туған. Жастайынан білімге құштар болады. Алайда орта мектепті бітірген соң сырқаттанып, оқуын әрi қарай жалғастыра алмайды. Өздігінен оқып, көп ізденеді. Республикалық газет-журналдарда әңгiмелерi, очерктерi, повестерi үнемi жарияланып тұрады. Қаламы жүйрік жазушы Зейнел-Ғаби аталарың кезінде «Балдырған» журналының белсенді авторларының бірі болған. Өздеріңе арнап «Бастама», «Сырымбет»,«Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал» және «Солмайтын гүл» секілді кітаптар жазды.
Қаламгер аталарыңның биылғы мерейтойына орай бірнеше шағын әңгімесін назарларыңа ұсынып отырмыз.
Ала күшік
Сурет сабағында балалардың бірі үйдің, біреуі ешкінің, енді біреуі мысықтың, қысқасы, әркім ұнатқан заттарының суреттерін салумен болды. Ал Қажытай өзінің ала күшігінің суретін салғысы келді.
Әуелі үлкен дөңгелек сызып денесін, сонан соң жоғарғы жағынан кішкене дөңгелек сызып басын, төрт таяқша тартып аяқтарын, ирек сызықпен құйрығын салды.
– Бұл не? – деп сұрады мұғалім.
– Біздің ала күшік.
– Құлағы, көзі, жүні жоқ күшік бола ма?
Бала қайтадан шапшаңдатып сызғылай бастады. «Мынау – құлағы, мынау – көзі, мынау – сабалақ жүні», – деді ол мұрнын бір тартып. Мұғалім көріп, жымиып күлді де:
– Құлағы есекке, көзі түйеге, жүні ешкіге ұқсайды екен, – деді.
Қажытай салған суреті жұртқа түсініктірек болу үшін астына «Бұл біздің ала күшік» деп жазып қойды.
Күн қайда қонақтайды?
Жазғы таң ерте атса да күн әлі көтерілген жоқ. Аспан ашық. Айнала тым-тырыс. Әлемге нұрын шашар Күн сұлуды асыға, салтанатпен күтіп тұр. Көп ұзамай рахман нұрын төгіп Күн шыға бастады.
– Алақай, Күн шығып келеді, Күн! – деді бар дүние шаттанып. Күнді мақтап бұлбұлдар сайрады, бозторғайлар шырылдады. «Алтын Күн-ай, қуатыңмен бусандырдың-ау!» – деп жұмыр жер жатыр. Шөп басына тізілген мөлдір шық майдай еріп, буға айналып барады. Жер үсті мұнартып тұр.
«Біз Күннің сырын білгіміз келеді. Керек десең, қалай шығып, қай тұсқа барып бататынына дейін бақылайық» десіп, егіз бұлт Күннің соңынан ілесе жылжыды. Сөйтіп Күнге еріп, ұзақ сапар шекті. Биік таулар мен жазық дала, шалқар көл мен мұхиттардың үстімен жылжыды. Кенет өздері буға айналған егіс даласының тұсынан өтіп бара жатып:
– Алақай, туған жердің үстінен өтіп барамыз.
– Бекер болар.
– Қарашы өзің, кеше бұлтқа айналған жеріміз.
– Күн біраздан кейін батады, – деді біреуі.
Сөйтіп әңгіме-дүкен құрып келе жатқанда өздері сияқты ұсақ бұлттар жиналып келіп, қалың бұлтқа айналып, бір-біріне соқтығысып, найзағай ойнады, жел тұрып, жаңбыр нөсерлетті. Егінді дала рахаттана тыныстап жатыр.
Бұл кезде Күн көзі сонау батысқа қарай жылжып бара жатқан.
– Бірден құтылып кете алмайсың, қонақтағаныңды көреміз, – десті бұлттар.
Егіз бұлт Күннің соңынан ілесе берді. Сөйтсе, Күн жерді айналып жүре береді екен де, бір жерде түн болғанда екінші жерде таң атып, дүние алмасып тұрады екен.
Күнмен бірге айналған егіз бұлт Алатаудың шыңына келіп, аз-кем дем алды. Алтын Күн мейірлене нұрын төгіп тұр. Сөйтсе, Күн ешқашан да қонақтамайды екен, үнемі айналыста екен-ау…
Достар
Зейін қар басқан бақта жүр. Қарақат бұталарының сыртына мойнын созып қарап қояды. Бұқпантайлап ілгері жылжиды да, кіп-кішкентай денесімен бүрісіп отыра қалады. Бұтаның арғы бетінде әдемі, қызыл төс торғайлар жеміс ағаштарының жел қағып түсірген бүршіктерін шоқып жүрген. Өздері қандай әдемі, жерді шұқыған сайын құйрықтары шошаң-шошаң етеді. Жақындап барып ұстап алмақ еді, торғайлар пыр етіп ұша жөнелді. Әрірек барып, алма ағашының бұтағына тізіліп отырды. Көпті көрген кәрі торғай балаға мойнын созып, «шиқ-шиқ» деп үн қатты.
– Зейін, сен не істеп жүрсің? – деген даусыма балам жалт қарады да:
– Торғайлардың екеу-үшеуін үйге апарайын деп едім, ұстатпады, – деді.
Мен күлдім де:
– Олар ұстатпайды, қолға үйретудің басқа жолы бар, – дедім.
– Қалай?
– Көремісің, торғайлар сенен жем сұрап тұр. Олар аш. Күн сайын өз қолыңмен жем беріп тұрсаң қашпайтын болады.
Зейін қуанып кетті. Екеуміз ағаштың төменгі жағына жем шашатын тақтай орнаттық. Айтқандай-ақ торғайлар үйреніп алды. Шашқан бидайды тақтайдың үстіне қонып жей бастады. Кейін алақандағы дәнді шоқудан да қорықпайтын болды.
3861 рет
көрсетілді0
пікір