• БАЛДЫРҒАН
  • 25 Желтоқсан, 2023

Талаптыға нұр жауар

Данияр далаға шыққанда, алғашқы қардың айналаны жауып қалғанын көрді. Балалар қар жиып, сырғанақ жасап жатыпты. Арасынан достарын іздеп еді, Алдиярды көрді. Қолын бұлғап, оны шақырып алды. 
– Не істейміз? – деді жүзіне қарап. 
Сөйтіп тұрғанда Рауан келді, екі езуі екі құлағына жетіп. 
– Не болды? Қуаныштысың ғой? – деді Алдияр.
– Өлең шығардым, – деді Рауан күліп. – Қыс туралы.
– Өлең дейді?.. Өлеңді ақындар шығармай ма? – деді Данияр таңданып.
– Иә, ақындар шығарады. Бірақ олар да біз сияқты бала болған. Қазірден бастап талпына берсең, өскенде ақын боласың. Өлеңімді оқып берейін бе?
– Оқышы, кәне!
Тамағын кенеп алған тығыршықтай бала бастап кетті.
– Айналаға жауыпты
Ақ ұлпадай ақша қар.
Ақ көрпеге оранып,
Ұйықтап қапты бақшалар.
Қыс келгенде, беткейден,
Зымырайды шаналар.
Жасаймыз деп аққала
Қуанады балалар.
– Мә-ә, мынаны өзің шығардың ба? Мықтысың ғой! – деді Алдияр.
– Өзім шығардым, – деді Рауан масаттанып.
– Қой, ей... апаң шығарып берген шығар, – деді сенгісі келмеген Мадияр.
– Рас айтам, өзім шығардым. Керек десең, қазір жаңасын шығарып берем. 
– Шығаршы онда, көрейік... 
– Тағы ма? – деп сәл ойланып қалған Рауан, іле тақпақтай жөнелді.
Қандай әсем қар гүлі
Жерге түскен қалықтап.
Бесбұрышқа ұқсайды
Қарап тұрсам 
анықтап.
Екі бала қатты таңғалды әрі қатты қызықты. Соны байқаған Рауан:
– Сендерге де үйретейін бе? – деді ынталанып. 
– Үйретші, – деді екі досы. 
– Өлең шығарудың еш қиындығы жоқ. Ол үшін бастысы – айтқың келген ойға лайық ұйқас табу. Тағы бір есте ұстайтын нәрсе – сөздердің буын саны...   
– Ұйқас деген не?
– Өлеңнің екінші, төртінші жолындағы соңғы сөздердің дыбыстық жақтан үндесуі. Буын саны бірдей болу керек. Мысалға алсақ, «күн» деген сөзбен «түн» ұйқасады. Мен өлеңімде «ақша қарды» «бақшалармен», «қалықтапты» «анықтаппен» ұйқастырдым. Буын сандары да бірдей. Үш буын.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын білімпаз достарының сөзін Данияр мен Алдияр ұйып тыңдады.
– Естеріңде ме, апай Жаңа жыл туралы өлең жазыңдар деген. Сыйлық бар екен. Үш-төрт мәрте сырғанап алайық та, үйге қайтып, өлең жазайық, – деді Рауан соңында.  
Достары оны бірден құптап, мақұл болды.

Астана қаласы

3299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы