• БАЛДЫРҒАН
  • 25 Желтоқсан, 2023

Белгілі балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин 80 жаста

Пернебай аталарың Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Қазір Жаңатас қаласында тұрады. 
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1969–1997 жылдары туған жерінде мектеп мұғалімі, мектеп директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. Кейін «Қаратау кеншісі» газетінің тілшісі, редакторы және ақпарат бюросының бастығы, Сарысу аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. 
1960 жылдардан бері балалар тақырыбына жазып жүрген жазушының он бестен астам кітабы жарық көрді. Ол республикалық жабық әдеби конкурстардың алты дүркін лауреаты атанды. Балалар әдебиетіне арналған халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екі дүркін лауреаты, 2015 жылы осы конкурстың Гран-при иегері болды.  
Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. 

 

Қыран қанатты Әліппе

(Ертегі)

Жанасыл күндегі әдетінше түнде Зағиша әжесінің қасына жатты. 
– Әже, бүгін қандай ертегі айтасыз? – деп, еркелей құшақтады. 
– Құлыным-ау, анаң әкеліп берген Әліппе сондай әдемі екен. Суреттері қандай тамаша. Сол туралы әдемі ертегі айтып берейін, – деді. 
– Алақай, тіптен тамаша болатын болды!
– Бірде Аңсар деген бала далада қыдырып жүреді. Өзі сондай алғыр, зерек екен. Ол үнемі дүниені көрсем екен, білсем екен деп, құмартудан еш жалықпапты. Бір күні ол бұлақ басына келеді. Жерден бұрқ-бұрқ етіп шығып жатқан бұлаққа таң-тамаша болып, қарап отырады. Сол кезде Қыран қанатты Әліппе қалқи ұшып келіп, қасына қонады. Алғашында Аңсар сәл-пәл сескеніңкіреп қалады. Бірақ бойын тез жиып алған Аңсар Әліппені тани кетіп, оны бірден сұрақтың астына алады. 
– Әліппе, Әліппе! Қайдан келесің? 
– Асу-асу белден, Қазақ деген елден келемін.
– Қыран құстың қанатын қайдан алдың?
– Қазағымның қуатынан, ұлтымның мұратынан алдым. 
– Енді қайда барасың?
– Биік-биік тауларға барамын.
– Биік таудан не аласың?
– Көкпен тілдескен шыңын аламын.
– Шыңын не істейсің?
– Биіктікке қол созған, асқақ арманды аңсаған түлектерге беремін.
– Олар оны не істейді?
– Құзар шыңдарын бағындырады, заңғарларын табындырады. Әбден шыңдалған соң намысы биік, мінезі мәрт, өр тұлғалы жандар болады.
– Сосын қайда барасың?
– Сарыарқадай кең далаға барамын.
– Кең даладан не аласың?
– Жұпар иіс ауасын, жайқалған жасыл майсасын, шет-шегіне көз жетпес жазира жазығын аламын. 
– Оларды кімге бересің?
– Мені қастер тұтар балдырғандарға, әр бетімнен нәр іздеген жас ұландарға беремін.
– Тағы қайда барасың?
– Айдын шалқар көлге барамын.
– Шалқар көлден не аласың?
– Шалқыған шабыт, адастырмас бағыт аламын.
– Оны кімге бересің?
– Бар әлемнен өмірдің мәнін іздеген ұрпаққа беремін.
– Олар оны не істейді?
– Сезімдері сергек болып, әсем ән, жүректі тербер күй тудырады. 
– Тағы қайда барасың?
– Таудан тулап аққан өзенге барамын.
– Тулаған өзеннен не аласың?
–Тасыған қуат, сарқылмас мұрат аламын.
– Оны кімге бересің?
– Ізгі мақсат жолында айбынын асырған бауырларыма беремін.
– Олар оны не істейді?
– Асулардан қаймықпай, қатерлі өткелдерден еш жасқанбай өтеді. 
– Тағы қайда барасың?
– Найзаның ұшымен, білектің күшімен ел қорғаған батырларға барамын.
– Ол батырлардан не аласың?
– Арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын аламын.
– Оларды кімге бересің?
– Елім деп еміренетін, жерім деп тебіренетін ұл-қыздарға беремін.
– Олар сонда не істейді?
– Ел басына күн туса, жауға тайынбай, тайсалмай қарсы шабады. 
– Тағы қайда барасың?
– Қазағымның кең сарайдай ақ боз үйіне барамын.
– Ол үйден не аласың?
– Тал бесікті тербеткен, бесік әнін селдеткен ана мейірімін аламын.
– Оны кімге бересің?
– Сезімтал жүрегі, шуақты мінезі бар ұрпаққа беремін. 
– Олар оны не істейді?
– Ата дәстүрді тоздырмайды, жамандықты алға оздырмайды. 
– Тағы қайда барасың?
– Ақ сақалды аталар, алғыр ойлы даналарға барамын. 
– Оларға не үшін барасың?
– Ана тілдің кәусарымен, ойларының жауһарымен сусындауға барамын.
– Оны кімге бересің?
– Қазақ тілін пір тұтатын, асыл ойды нұр тұтатын ұрпаққа беремін.
– Ұрпақтар оны не істейді?
– Ана тілін асқақтатады, абыройын аспандатады. 
– Әліппе! Осыншама күш-қуатты, қажымас қайратты қайдан алдың?
– Мен бар кітаптың Басымын, жалт-жұлт еткен ақ алмастай Асылмын. Ілім-білімнің қайнар бұлағымын. Менің күшім сонда!
– Әліппе, Әліппе! Енді не тілегің бар? 
– Әр бетімді әрбір шәкірт ашқанда, әр әрпімнен шапағатты шуақ іздесе деймін, білімнің бастау көзінен алға жетелер қуат іздесе деймін.
– Ең үлкен арманың қандай?
– «А»-дан басталар абзал сөздер Ана, Ата, Ағалар армандаған Ауызбірлік, Абырой, Ар, Адалдықты армандаймын. 
Аңсар атып тұрып Әліппені шынайы пейілмен құшақтай алды.
Содан бастап екеуі айырылмастай дос болып кетіпті...
 

3290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы