• БАЛДЫРҒАН
  • 25 Желтоқсан, 2023

Күрес

Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ

Ауылда өткен асқа әкесіне ілесіп Мұрагер де барды. Жайылған дастарқаннан дәм татып, сыртқа шыққан соң, дайындалған іс-шаралар басталып жүре берді. Үлкендер арқан тартты, білекті жігіттер кір тасын көтеріп, күш сынасты. Артынан күрес болды. 
Боз кілемді қоршаған жұрт алдымен балалардың күресін тамашалады. Мұрагер де өзі қатарлас балдырғандардың белдесуін құмарта қызықтады. Бір кезде қарсы бетте отырған бала орнынан тұрып, «ортаға шық» деп иек қақты. Кимоно киіп алған одан іштей сескеніп қалды. Бірақ намысқа тырысып, басын изеді. 
Бұлардың ымдасқанын көзі шалып қалған төреші, «енді мына екі баланы күрестірейік. Осыдан кейін ересектер шығады, белдесетіндер дайындала берсін» деді. Төреші белгі беруі мұң екен, қарсыластар бір-біріне тап берді. Өзі шидей болса да, қарсыласы шымыр екен, берісетін емес. Спорт секциясына қатысатыны байқалып тұр, қимылы ширақ. Бір орында тұрмай ары-бері секеңдеп, уысынан бұлт етіп шығып кете береді. Жұлқа тартқанда құлап қала жаздап, бойын іле жиып алады. 
Мұрагер енді қара күшке салды. Төрт-ақ жылдық мектепте күрес секциясы қайдан болсын? Сыныптастарымен алысып, қара күшке салып машықтанғаны болмаса, айла-тәсілден мақұрым болатын. Бар білетіні жамбасқа алып лақтыру, мойыннан қысып жығу, аяғынан орап алып аударып тастау еді. Бос уақтында әкесіне қора тазалау, малға су беру, шөп жинасу жұмыстарына көмектесетін.
Арбасып жүріп, бір кезде аяғынан шап берді де, аударып тастап, үстіне жата кетті. 
«Ой, бәрекелді!», деді ауылдастары тұс-тұстан. Әкесі: «Тұрма, басып жат», деп дем берді. «Жауырыны толық жерге тисін» дегені еді. 
Төреші «ит жығыс» деп екеуін қайта ұстастырды. Сары бала бұл жолы айласын асырып, жеңіп кетті. Мұрагердің еңсесі түсіп қалды. Жұрт «қайта күрессін», «қайта күрессін» деп айғай салды. Мұны естіген төреші қолын көтеріп:
– Жарайды. «Ер кезегі – үш» деген. Жаңа тең болған. Енді кім жеңсе, жеңіс соныкі болады, – деді. Жұрт дуылдап қостай жөнелді.
Күрес қайта басталды. Сары бала жаңағы жеңісіне масайрап, сақтықты ұмытқан екен. Қарсыласын аяғынан орап, шалып құлатпақ болды. Сол ұрымтал сәтте Мұрагер қолынан ұстай алып, жамбасқа салып, алып ұрды. Қарсыласы қалай астыға түсіп қалғанын байқамай қалды.
Төреші Мұрагердің оң қолын жоғары көтеріп, шаршы алаңды бір айналдырып шықты. Соңынан «Жүлдең» деп қолына 5000 теңге ұстатты.  
Әкесі Мұрагерді құшағына алып, арқасынан қақты. Сыныпта бірге оқитын достары да келіп құшақтап, құттықтап жатты.
Ересектердің де күресі қызық болды. Күрестен кейін көкпар болады деп жұрт ауылдың сыртына қарай бет алды. 
– Әке, мені марапаттамай ма? – деді Мұрагер.
Мектептегі түрлі іс-шараларға қатысып, марапат алып жүретін бала маған қашан «Алғыс хат» береді деп үміттеніп тұрған еді.
– Марапат қағазын тапсыратын бұл мектеп емес. Жаңа жеңіске жеткенде, қолыңа ақша ұстатты ғой, сол – марапат, – деді әкесі күліп.
– А?
– Сенің марапатың – сол, – деді әкесі тағы. 
– Медаль бермей ме?
– Жоқ. Бұл арнайы жарыс емес, ауыл арасындағы жай күрес қой. Бірақ, осындай күрестерде көзге түссең, ауданға үлкен жарысқа апарады. Сонда жеңіске жетсең, медаль береді.
Мұрагер сонда барып «түсіндім» дегендей басын изеді. 
Үйге келген соң Мұрагер күрестен тапқан алғашқы табысын анасының қолына ұстатты. Қуанған анасы ұлының жеңісін үйдегілерге балмұздақпен жуып берді. 

3636 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы