• БАЛДЫРҒАН
  • 30 Қараша, 2023

Белгілі ақын Құл-Керім Елемес 60 жаста

Құл-Керім Елемес – Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң өлкесіне қарасты Бұратала деген жерде өмірге келген. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, екі жыл ұстаз болған. Одан соң облыстық «Іле» газетінде бөлім редакторы, Шыңжаң халық радиостанциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. 1994 жылы Қазақстанға біржолата қоныс аударған. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, «Жалын» баспасында аға редактор, «Қазақ елі» газетінде тілші болып жұмыс істеген. 2003 жылдан бері «Балдырған» журналында қызмет атқарады. Президент стипендиаты. Күллі түрік дүниесі ақындары байқауының дипломанты. «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері. 
«Ақ жалын» атты тұңғыш жыр жинағынан бастап бүгінге дейін оншақты жыр жинақтары жарық көрді. Балаларға арналған көптеген әңгіме, өлең, жұмбақ, жаңылтпаштардың авторы.

КҮЗ УАҒЫ

Күн мен түні теңелген,
Шөптер кеуіп, көнерген.

Ағаш бүрсіз арбайған,
Жапырағы сарғайған.

Күз уағы бір қызық,
Жүретұғын нұр жүзіп.

 

КҮЗДІК АЛМА

 

Күздік алма қызарған,
Сайға қарай құзардан,

Домалайтын әрі ұшып,
Бір-бірімен жарысып.

Сөйтіп қабақ ісетін,
Суға келіп түсетін. 

Сумен төмен ағатын,
Таусып бала тағатын.

Аққан сумен алманы,
Ебін тауып алғалы,

Өзен бойын сағалап,
Шабатынбыз жағалап.

Су оны алып кететін,
Шама қайда жететін?

Тек иірімде айналып,
Қалушы ед кейі байланып.

Соны ап мәз боп жейтінбіз.
«Күздік алма» дейтінбіз.
 

КҮЗ ӨСІРДІ

Күз сарғайтты көк шөпті,
Күз қозыны тоқты етті.

Күз білмейтін ұзауды,
Тайынша етті бұзауды.

Күз баладай тұлымды,
Жабағы етті құлынды.

Күз анадай опалы, 
Тайлақ етті ботаны.

 

САРЫ ҚАУЫН

Іңкәр етіп қауымды – 
Ала жаздай жерді емген,
«Әуф» деп сары қауынды,
Алдым әрең жерден мен.

Жер мен өзін жалғаған,
Жіп-жіңішке піліктен,
Сары қауынға нарлаған,
Қарап тұрмын күліп мен...
 

КҮЗ-АТА 

 

Жазды өзінен ұзата,
Келіп қалды Күз-ата.
«Бәрін сап-сары еттің» деп,
Қуанбадық біз аса.

Жапырақ та сарғайды,
Атырап та сарғайды.
Сары жабағыға оранып,
Топырақ та сарғайды.
 

КҮЗГІ БҰЛТ

Аспанда бұлт ауады,
Көрсетпей Күн, таң нұрын.
Тауға қарын жауады,
Ойға құйып жаңбырын.

Суығы ұқсап қысқа нақ,
Мұз да қатар ептеп тек.
Қол шатырын ұстап ап,
Бала барар мектепке.

КҮЗ – ЖАПЫРАҚ

Сап-сары атырап,
Ашардай аранды.
Сарала жапырақ,
Тонына оранды.

Қыр-көңілде арман көп,
«Қыс бар» деп жиды есін.
Тонының дал-дал боп,
Қаларын білгесін.

 

 

3529 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы