• БАЛДЫРҒАН
  • 26 Қазан, 2023

Болат ҮСЕНБАЕВ. Өлеңдер топтамасы

Қазақстаным

Тілдесіп көкпен тауларың,
Жайқалды жасыл орманың.
Алатау, Қаратауларым,
Елдікті бізге мұра етіп,
Ерліктің сазын толғадың.

Салтанаты асып сән құрған,
Елім бар бүгін жаңғырған.
Кең байтақ Атамекенім – 
Тұлпарлар тұяқ шалдырып,
Сұңқарлар қанат талдырған.
Қазақты әлем таныды,
Сәлемін жолдап сан қырдан.

Даламды бабам мұра еткен,
Ұрпағы қорғап, түлеткен.
Қалалар жайып қанатын,
Ауылымды шуақ, нұр өпкен.
Қастерлі Қазақстаным,
Сүйемін ыстық жүрекпен!

ОТАН 

Отан – байтақ даламыз,
Отан – жұтқан ауамыз. 
Отан – қамқор әкеміз,
Отан – туған анамыз. 

Отан – орман, тауларым,
Отан – бақша-бауларым.
Отан – бір түп жусаным, 
Жан-жануар, аңдарым...

Отан – өзен, көлдерім, 
Отан – құмайт шөлдерім.
Алыс кетсем бір ауық, 
Аңсап сені шөлдедім.

Отан – туған ауылым,
Отан – туыс-бауырым.
Жүгің болса арт маған,
Көтерейін ауырын. 

Отаның жоқ күн құрысын,
Отан жоқ па – тұлдырсың.
Отан деген ол менің – 
Топырағым бір шым-шым!

КӨК БАЙРАҒЫМ

Басыма бақ қонғаны –
Өз туымның болғаны.
Өлгенімнің тіріліп,
Өшкенімнің жанғаны!

Көк аспандай көлбіреп,
Көк туым тұр желбіреп.
Амандығын тілеймін,
Ет жүрегім елжіреп!

АНА ТІЛІ

Ана тілім – қуатым,
Ана тілім – суатым!
Ана тілім – шырағым,
Мәңгі жанып тұратын. 

Ана тілім, анамның 
Ақ сүтінен жаралдың.
Аңқисың да тұрасың
Жусанындай даламның. 

Тілім шықты сенімен,
Уызыңнан еміп ем.
Ылғи жасай бересің
Ұрпағыңмен – менімен!

«Ана» дедім тіл қатып,
«Ата» дедім тіл қатып. 
Атам менен анама, 
Соның өзі бір бақыт!..

3946 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы