• Ертегі
  • 26 Қазан, 2023

Алтын сақа

Ертегі

Бір бала ойнап жүріп ағаш түбінен жараланған көгершін тауып алды. Байқұс құстың қанаты сынып, ұша алмай қалған екен. Үйіне әкелген соң оны емдеп, қанатын таңып, тамақ берді. 
Ертесі баланың ата-анасы жұмысқа кетті. Сол кезде әлгі кептер мыстан кемпірге айналып, баланы тарпа бас салды. 
– Ойыншықтарыңды көрсет! Әйтпесе өлтіремін, – деді айқайлап. 
Бала қорыққаннан ойыншық салған қорабын кемпірге берді. Ішінде алтын жалатқан сақа да бар еді. Мыстан сол сақаны алып, сыпыртқысына мініп, ұшып кетті. 
Бала алтын сақасын қайтарып алғысы келді. Ол қоңырау шалып, достарын көмекке шақырды. Бірақ олардың барлығы ауырып жатыр екен. Амалы таусылған бала жалғыз өзі сақасын іздеуге аттанды. 
Орман ішінде бірден екі терең шұңқырға кезікті. Ортасында дәу қара тас тұр екен. Тастың бүйіріне «Мына екі тиіннің қолында екі есеп бар. Қайсы есептің шешімі дұрыс болса, сол шұңқырға түс!» деп жазылыпты. Бала екі шұңқырдың да аржағынан тиін көреді. Екеуі де тас болып қатып қалыпты.  
Бала алдымен бірінші шұңқырдағы тиінге барды. Оның қолындағы параққа: (1+1)+3=6 деп жазылған екен. Ал, екіншісінен (1+2)+3=6 деген жазуды оқиды. Көп ойланып жатпай екінші шұңқырға түсті. Шұңқыр іші тастай қараңғы екен. Аз жүрген соң түкпір жақтан екі жерден екі нәрсе жылтырайды. Ол балаға мультфильмдерден көретін айдаһардың көзі болып елестейді. Қорыққанынан кейін шегініп, сыртқа шықпақ болады. Сол кезде әлгі тиіндер шұңқырға секіріп түсіп: 
– Балақай, қорықпа, – деп айқайлайды. – Бізді мыстан кемпір сиқырлап, қатырып тастады. Сен есепті дұрыс шешіп, бізді құтқардың. Енді біз саған көмектесеміз.
– Олай болса, анау жылтыраған ненің көзі? Біліп келіңдер, – дейді бала. 
Екі тиін секіріп барып, бұрыштан екі затты алып келеді. Айдаһардың көзі деп қорыққаны алтын сақа екен. Біреу емес, екеу. Бала қуанғаннан өз сақасын тани алмай қалады. Сол сәт алақанына аспаннан қалықтап келіп бір жапырақ қонады. Жапырақтың бетінде «саусағыңды бүгесің, ішектерін ілесің» деген жұмбақ жазылыпты. Бала бұның шешімі не еді деп ойланады. Кешікпей сол жақтағы сақаның сәулесінен ине-жіптің бейнесі көрінеді, ал оң қолындағы сақадан жетіген аспабы көрінеді. 
Бала оң жақтағы сақаны алып, шұңқырдан шықпақшы болады. Бірақ шұңқыр терең болғандықтан, шыға алмайды. Артынан ормандағы бүкіл тиін көмекке келеді. Олар бір-бірінің құйрығынан ұстап ұзын арқан болып созылады. Бала сол арқанмен өрмелеп сыртқа шығады.
Түнделетіп үйіне келеді. Келсе, әкесі мен анасы жұмыстан жаңа келіп, тамақ ішкелі жатыр екен.
– Бүгін далада көп ойнадың ғой, балам, – дейді анасы.
– Топыраққа аунағансың ба, үсті-басың шаң-тозаң? – дейді әкесі. – Тез жуынып келіп, тамағыңды іш.
Бірақ, екеуі де көгершін қайда деп сұрамайды.

Талдықорған қаласы

3999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы