• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Тамыз, 2023

Қамқорлық

Аулада таяуда пайда болған сары мәшке ит балаларға әбден үйір болып алды. Балдырғандардың артынан салпақтап, ауыздарын аңдиды. Көзі жәутеңдеген итке балалар қолындағы тәтті тоқашын бөліп беріп, сылап-сипалайды. Мұндайда ит те еркелеп, алдарына домалай кетеді. 
Оған, әсіресе, 5 және 3-сыныпта оқитын Мағжан, Алмат және Нұрзат үйір. Иттің күшіктейтінін үлкендерден естіп білген соң, ерекше қамқорлыққа алды. Төсіндегі алақандай ақ дағына қарап «Ақтөс» деп ат қойды. 
Мағжанның көршісі «Мына ит күшіктесе таудағы інімнің үйіне апарып тастау керек. Мәшке сақ келеді. Мал күзеткенге жақсы», – деді көзі түсіп. 
Ал Алмат
– Бермейміз, бұл ит біздікі. Күшіктерін де өзіміз асыраймыз, – деп шыр-пыр болды. 
Сабақтан келген Мағжан аулаға ойнауға шыққан достарына:
– Ақтөске үйшік жасап берейік. Бүгін технология пәнінен ағайымыз бізге үйшік жасауды үйретті, – деді. 
– Ой, онда жақсы болар еді. Ертең жаңбыр жауады. Ақтөс туса, күшіктері су астында қалып, жаурамас еді, – деді Алмат қостап.
Балалар іске кірісті. Олар жаздың өткінші жаңбырын елең қылмады. Көпқабатты үйлердің шетіндегі қоқыс жәшігінің айналасынан іске жарарлық ағаш іздеді. Біреу үй жиһаздарын әкеліп, үйіп қойған екен. Мағжан соның ішінен шағын шкафты сүйреп шықты. Ал Алмат оның есігін тауып әкелді. 
– Өзі үйшікке арналғандай екен. Көлденең жатқызып, бір шетін  бекітіп, қағып тастасақ, ұя болып шыға келеді,  – деді Мағжан ары-бері аударыстырып қарап.
– Ақтөске бұдан артық қандай үйшік керек? – деді Нұрзат.
– Бізге енді шеге керек, – деді Мағжан. – Мен үйге барып шеге, балға алып келейін. Екеуің үйшікке лайықты орын қарастыра беріңдер.
Алмат досы келгенше қарап отыра алмай, қоқыстан тауып алған шегені таспен ұрып түзеп, үйшікті өзі жасай салмақ болды. Бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе өнбеді. Таспен ұрған шегесі ағашқа кірмей, қисая берді. 
Қастарынан өтіп бара жатқан қария:
– Екеуің тапа-тал түсте шкафты соққылап, не істеп жатырсыңдар? – деді.
– Итке үйшік жасап жатырмыз, ата, – деді Алмат. 
– Ол ертең туады, – деді Нұрзат.
Қария езу тартып күлді.
– Олай болса, бұларың құптарлық шаруа екен, – деді сосын қостап. – Байқаймын, шамаларың келмей жатқан сияқты.
– Жоқ, ата, қасымызда тағы бір бала бар. Ол балға әкелуге кеткен, – деді Нұрзат. –    Міне, өзі де келіп қалды.   
Қарияға сәлем берген Мағжан, келе іске араласты. Бүгінгі мұғалім дәрісінің көп көмегі тиген секілді. Үйшікті көңіліндегідей етіп, достарымен бірге жасап шықты. Оның балға соғысы мен ептілігіне тәнті болған қария бас бармағын көтеріп:
– Міне, азамат! Жарайсыңдар, балалар, өркендерің өссін! – деп тілеулес болып, жөніне кетті. 
Балалар үйшікті арық жағасындағы қараағаш түбіне орналастырған. Жылы болсын деп ішіне Алмат үйінен алып келген құрақ бөстекті салды. Сөйтіп, бағаналы бері қастарынан кетпей жүрген итке тәтті нан беріп, ұяға кіргізді. Жаңбыр астында үсті су болған Ақтөс ішке еніп, бұрышқа қойылған құрғақ төсенішке барып жатты.
Балалар бүгінгі жасаған істеріне қайта бір қуана көз салды.      

412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы