- БАЛДЫРҒАН
- 31 Тамыз, 2023
Белгілі балалар ақыны Нұрхан Жанаевтың туғанына 90 жыл

Нұрхан аталарың 1933 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы (қазіргі Сырдария), С.Сейфуллин атындағы кеңшарда өмірге келген.
Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітірген соң, аз уақыт мектепте ұстаздық еткен. Кейін журналистика саласына ауысып, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, Қазақ телевизиясы мен радиосында, «Жалын» баспасында қызметтер атқарды.
Н.Жанаевтың балаларға арналған «Жау, жау, жаңбыр» (1963), «Әнші торғай» (1974), «Дәмді палау» (1978), «Ақ көгершін» (1983) сынды жыр жинақтары қазақ тілінде, ал «Дождик, дождик, поливай» (1986) жинағы орыс тілінде жарық көрген.
Ақын аталарыңның 90 жылдық мерейтойына орай, бір топ өлеңін назарларыңа ұсынып отырмыз.
ДӘПТЕР
Дәптер сенің сырласың,
Дәптер досың болады.
Әріптердің сұлбасы
Дәптеріңе қонады.
Айтқан сөзін құпта да,
Ұстазыңды құрметте.
Дәптеріңді күт, бала,
Дәптеріңді кірлетпе.
ӘЛІППЕ
Жақсы кітап – «Әліппе»,
Үйретеді әріпке.
Қуыршақпен қоштастым,
«Әліппемен» достастым.
«А»-дан бастап әріпті
Түгел маған танытты.
ӘЙӘЙ БАЛА
Әйәй бала Айбала,
Қарап алшы айнаға.
Үстің сатпақ болмасын,
Таза жүрсін қол, басың.
«Айбаладай болам» деп,
Айтып жүрсін жолдасың.
ЖҰМБАҚ ӨЛЕҢ
Екі көзі мөлдіреп,
Тікірейіп құлағы,
Түбіт жүні үлбіреп,
Жасырынып тұрады.
Бұта басы қозғалса,
Сыбдыр етсе ну қамыс,
Көзді ашып-жұмғанша
Зып береді қырға алыс.
Бұл не, қай аң?
Бұл – қорқақ ... !
ҚОЛҒАНАТ
Кіп-кішкене Қолғанат,
Отырмайды ол қарап.
Ақылыңды ұғады,
Көңіліңнен шығады.
Қолғанат десе, қолғанат,
Қалай тауып қойған ат!
ОН САУСАҚ,
ОН БӘШАЙ
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Қосып едім екеуін,
Болып шықты он саусақ.
Оң аяқта бес бәшай,
Сол аяқта бес бәшай,
Қосып едім екеуін,
Болып шықты он бәшай.
Он саусақ, он бәшай,
Бәрі таза, бәрі әйәй,
Онға онды қосып ем,
Жиырма болды осымен.
ЕҢБЕК
Гүл өсірсең терлеп,
Мұның аты – Еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Мұның аты – Еңбек.
Қырға шықсаң өрлеп,
Мұның аты – Еңбек.
Сабағыңа жөндеп
Әзірленсең – Еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек.

411 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *