• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Тамыз, 2023

Орманда

Рамазан НҮСІПОВ

Айбар бір күні ата-әжесіне айтпай үйден шықты. Таяу маңдағы орманға барды. Сонда әрнені қызықтап жүріп, ұзап кеткенін білмей қалды. Қайтарда келген ізін таппай адасты.
Қалай жүрерін білмеген Айбар қорқайын деді. Күшті үрейден дыбыс шығара алмай қалды. Бір кезде жанында тұрған қарағайға шығып, алысқа көз салды. Үйдің қарасы көрінбейді. Сол аралықта етек жақ тықырлағандай болды. Қараса, бір борсық екен. Қыбырлап келіп ағаш қабығын кеміре бастады. Аздан соң жоғары өрмелеп, құлап түсті. Орнынан тұрған соң, өрге қарады. Басын қозғап-қозғап қояды. Онысы Айбарға «Төмен түс, дос болайық!» – деген ишарадай болып сезілді.
Айбар үндемеді.
Бір кезде қоян келіп, шашылып жатқан қарағай дәндерін теріп жеді. Ұзамай ол да қарағайға жабысып, ұмтыла беріп құлап түсті. Жоғары қарап құлағын қайшылап қойды. Онысы «Төмен түс, дос болайық!» – деген ымы секілденді. 
Сәлден кейін құйрығын бұлаңдатып түлкі келді. Жер иіскелеп, қарағайға тырмысқанмен, шыға алмады. «Сен мұнда неғып отырсың?» – дегендей Айбарға таңдана қарады. Дәл осы кезде тілі салақтап ит жетті. Оны көрген түлкі «Мына бәле тұрғанда бізге олжа қайда? – дегендей тайып тұрды.
Ит қарағайдың жанында отырып, көкке қарап ұлыды. Айбардың есіне атасы әңгімелеп берген Көксерек оқиғасы түсті. Сонда барып мұның ит емес, қасқыр екенін білді. 
Кенет айнала жаңғырды. Тастар домалап, бұталардың арасы салдырлады. Қатты бақырған дауыс шықты. Қасқыр бұрыла сап зытып берді.
Келген аю екен. Айналаны азан-қазан ғып, қарағайды жұлқылады. Онысынан түк шықпаған соң, жоғары үңілді. Айбарды көріп сілейіп тұрып қалды.
Сол аралықта таяу маңнан ит үрді. Іле мылтық атылып, ат тұяғының дыбысы естілді. Аюдың дегбірі қашып, зыта жөнелді.
Іле адамдардың сөйлеген дыбысы жақындап келе жатты.  
– Мен мұндамын! – деп айғайлады Айбар.
Иттер келіп, қарағай түбін иіскелеп, иелеріне белгі берді. Қараса, атасы мен бірнеше аңшы екен. Өзін іздеп шыққан беті сияқты. 
Аңшылардың бірі қарағай басына шығып, екі аяғымен бұтаққа мініп, жуан діңді құшақтап, қатып қалған Айбардың екі қолын әрең босатып, ажыратып алды. Арқасына көтеріп жерге түсірді. 
Атасын көрген Айбар «Ата!» деп тұра ұмтылды. «Енді сізге айтпай ешқайда кетпеймін!» – деді артынша жылап тұрып.
Содан былай ерке-шолжаң Айбар өте тәртіпті, шыншыл, үлкеннің сөзін тыңдайтын жақсы оқушыға айналды. Төртінші сыныпты үздік бітірді.     

Шығыс Қазақстан облысы   

401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы