- БАЛДЫРҒАН
- 31 Тамыз, 2023
Адал дос

(Мысал)
Дәнеш Ахметұлы
Қызыл қораз мейлінше кінәмшіл әрі шақар еді. Сәл нәрсеге бола ашу шақырып, жүні үрпиіп, көзі шатынап шыға келетін. Шыбын ызыңын көтере алмастай ызақор болғандықтан, үйіріндегі тауық атаулы оның қаһарынан ығып, тайсақтап тұратын. Маңынан аяқтарының ұшымен басып өтетін.
Сырт көзге аса долы, ашушаң көрінетін қызыл қораз іштей бауырмал, тым намысшыл болатын. Өз үйіріндегі тауықтарды жат көзден қызғыштай қорып, маңына жан жуытпайтын.
Бір күні ұзап жайылып кеткен тауықтарға жау тиді. Ауыл сыртынан жасырынып келген қу түлкі бір мекиенді олжаға түсіріп, алып кетті. Бұған қызыл қораз қатты ашуланды. Айдары желкілдеп, қанат қағып, қаһар төкті.
Арада екі күн өткенде қу түлкі баяғы тұстан атып шығып, тағы да килікті. Бірақ бұл жолы дегеніне жете алмады. Екі қарап, бір шоқып жүрген қызыл қораз ерен қырағылық танытты. Қыт-қыттап кеп қатты шақырып, қанатымен шаңды бұрқыратып, кәдімгідей айбат жасаған. Оның бұл ащы дауысын ауыл иттері естіп, арс-арс етіп тұра ұмтылып еді, қу түлкі жалт беріп, тұра қашты.
Жаңа ғана өз жауын жақыннан көріп, қатты ширыққан қызыл қораз мекиендерге деген сақтығын бұрынғыдан бетер күшейтіп, батылдана түсті. Бірақ қанша дегенмен қу түлкіні өз бетінше жеңу мүмкін емес еді. Сол себепті, басқа амал қарастыруға бекінді.
Есіне көршісі Таймас түсті. Қуанғаны сонша, қанатын сатыр-сұтыр қағып-қағып жіберді. Өзімен бірге Таймас атты төбет тұрғанда бұл неден қорқады? «Қап, әттең, ертерек есіме келмегенін қарашы... енді осыдан тұра тұр бәлем...» деді ішінен кіжініп.
Ертесі Таймас белгіленген уақытта бір шұңқырда тығылып жатты. Ал қораз даланы басына көтере қоқылдап, дән тергенсіді.
Түлкі де таяу жерде жүр екен. Өзіне таныс дауысты естіп, желе жортып жетіп келді. Бір түп тобылғының түбінде бұғып жатып, бәрін бажайлап көріп алды. Ауылдан ұзап шыққан қораз оңашада жалғыз жайылып жүр екен. Тіпті, ештеңені елер емес. Аяғын алаңсыз, нық, тым сенімді басады. Міне, кеңірдек созып, шақырып та жатыр.
Бұдан әрі тосуға шыдамы жетпеген түлкі оңтайлы сәтті пайдаланып, ұмтыла берді. Сөйткенше болған жоқ, бұғып жатқан ит атылып шығып, тарпа бас салды. Қылғындырып, мойнын бұрап, жығып алды. Қапелімде не істерін білмей тыпырлаған түлкінің есі шығып кетті.
Жеңіске жеткен қызыл қораз табанына шоқ тигендей жеңіл секіріп, қанатын қағып-қағып қойды.
Өз дұшпандарын осылай мұқатқан екі дос бір-біріне деген ризалықтарын көздерімен айтысып, қызыл түлкінің екі жағында үнсіз ұғынысып, іркіліп тұрып қалды.

414 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *